Биыл дизель тапшылығы болмайды, бірақ…

Жарияланды

Қазақстанда дизель отыны көктемгі егістік науқанның соңына қарай күрт қымбаттай бастайды, ал күзде жиын-терім басталғанда оны мүлде таппай қаласыз. Егер бірер жыл бұрын қыс мезгілінде (сұраныс төмендегенде) нарықта дизель отынының құны айтарлықтай төмендесе, ал соңғы жылдары ондай да жоқ, қысы-жазы таблода өзгеріссіз удай баға. Мысалы, былтыр күзде елімізде дизель тапшылығы орын алып, жанар-жағармай құю бекеттері оны талонмен шектеулі көлемде босатуға мәжбүр болды. Ал ондағы жүк көліктерінің кептелісі де соңғы кездері қалыпты жағдайға айналған.

Былтырғы баға 230-260 теңгеден басталып, ақырында 450 теңгеге бір-ақ көтерілген. Ресми статистика да мұны растайды. 2022 жылы, яғни бір жылда жанар-жағармай бағасы 2,5 пайызға қымбаттаса, ал дизель 14 пайызға (!) өскен. Салдарынан бидайын толыққанды қамбаға, жетерлік жем-шөбін қорасына таси алмай шырылдаған шаруа елімізде қаншама?.. Ал биыл осы жағдай тағы қайталанады ма? Дизель бағасын ырықтауға Үкіметтің қауқары жетеді ме?..

Сөзді Үкіметтен бастасақ. Қаңтардың соңынан бастап Үкіметте егістік науқанға қатысты қайта-қайта жиын өткізіліп жатыр. Бірінде Қазақстанның ішкі нарығын жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету мәселелері талқыланса, тағы бірінде егіс науқанының қарсаңында делдалдық схемалардың алдын алу, сондай-ақ жалпы сауда-саттықтың ашықтығын арттыру шаралары қаралды.

Дизель зауыттың өзінен 222 теңгеден босатылады

Энергетика министрлігі ақпан айына дизель отынының кепілдік берілген көлемінің құнын МӨЗ-ден жөнелтуде 1 тоннасын 222 мың теңге деңгейінде айқындады. Жеткізу бойынша шығыстарды ескере отырып, отандық шаруалар үшін оның түпкілікті құны жанармай құю станцияларының нарықтық бағасынан 15-20%-ға арзан болады деп күтіліп отыр.

Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов, «2023 жылы көктемгі дала жұмыстарына барлығы 413 мың тонна дизель отыны бөлінеді. Құны – тоннасына 222 мың теңге немесе литріне 184 теңге болады деген еді, сәрсенбіде.

Айта кетсек, Қазақстанда дизель отынының орташа бағасы 240-260 теңге (1 литрі) болса, ал Ресейде – 370-380 теңге, Өзбекстанда – 515-520 теңге, Қырғызстанда – 400-410 теңге.

Сондықтан былтыр жанар-жағармай, сол секілді дизель бағасына қызығып, көрші елдердің азаматтары елімізге лап қойған. Ақырында Үкімет былтыр шектеу енгізген. Ол биыл да өз күшінде қала бермек. Ендеше Үкіметтің қаңтарда мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге белгілеген шекті бағаларына үңіліп көрелік.

Сөз дизель туралы болғандықтан, сол арасынан үзінді келтіре кетелік.

Бөлшек саудада өткізу кезінде бағаға мемлекеттік реттеу белгіленетін мұнай өнімдерінің тізбесі төрт атауға дейін кеңейтілді.

4) дизель отыны (жазғы, маусымаралық)

Стационарлық жанар-жағармай құю бекеттері арқылы бөлшек саудада өткізуге белгіленген шекті бағалар ҚҚС есебімен мынадай мөлшерде бекітілді:

3) Дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – 1 литрі – 450 теңге;

Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай облысында:

– Қазақстан Республикасы берген жүргізуші куәлігін көрсеткен жағдайда тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде босатылады, 1 литрі – 260 теңге;

– Қазақстан Республикасы берген куәлікті көрсеткен жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустар жүргізушілеріне тәулігіне 300 литрге дейінгі көлемде 1 литрі 260 теңгеден босатылады;

– Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Жетісу, Ұлытау облыстарында:

– Қазақстан Республикасы берген жүргізуші куәлігін көрсеткенде тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде 1 литрі 230 теңгеден босатылады;

– Қазақстан Республикасы берген куәлікті көрсеткен жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустар жүргізушілеріне тәулігіне 300 литрге дейінгі көлемде 1 литрі 260 теңгеден босатылады.

Енді дизель отыны электронды түрде таратылатын болады

Үкімет арзан бағамен босатқан дизель отыны шаруаға жетпей жатады. Бұл да кеңінен етек алған құбылыс. Ондайдың көзін жоюға биыл Ауылшаруашылығы министрлігі уәдені үйіп-төгіп отыр. Сөйтіп құзырлы ведомство дизель отынын бөлудің барлық процестерін, оның ішінде дизель отынын жеткізу жөніндегі операторларды айқындау жөніндегі комиссияның жұмыс тәртібін және операторларды айқындау шарттарын, сондай-ақ дизель отынының көлемін субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінде электрондық қалыптастыру және бөлу процесін қамтитын қағидалардың жобасын әзірледі. Бір сөзбен айқанда, 2023 жылы дизель отынын алушылардың тізілімі gosagro.kz. порталында автоматтандырылған режимде жасалады. Ал аталған тауардың электронды бөлінісі, қайдан қай қолға кеткені баршаның көз алдында тұрса, бұл реттегі былық-шылыққа нүкте қойылмақ. Әзірге, мұның пилоттық жоба екенін ескерте кетелік.

Шаруа «билік өзгерді» деп жақсылықтан үмітті

Ал шаруалар биыл қандай ойда? Үкіметтің жеңілдетілген бағадағы дизелі фермер Аманай Жанайдың қолына жетпейді. «Оны гектарлап бидай, жалпы дәнді-дақылдар өсіретіндер алатын шығар», – дейді өзі. Ал ол мал шаруашылығымен айналысады. Былтыр жеткілікті көлемде шөп түсіре алмай қалыпты.

 «Шөп оратындар дизель сұрайды. Қымбаттың өзін таппай қалдық, жоқ ешқай жерде. Бір «тележка» шөп 70-80 мың теңге болып кетті. Бір-екі сиыры барларды былай қойғанда, біздің өзімізге ауыр тиді мұның өзі. Мұнайлы елміз ғой, жоқ дегенге ешкім сенбейді. Делдалдар жасап отыр бағаны қымбаттату үшін. Үкіметтің оған қатысы жоқ болса, реттемейді ме? Олар да «доляда» шығар?.. Енді билікте өзгеріс болды ғой. Шын өзгеріс пе, әлде көзбояушылық па, биыл көреміз», – дейді ол. Қарапайым шаруаның ойы осы.

Баға тербелсе, инфляция күшейеді

Ал сарапшылар қауымы не дейді?  Инновациялық экономика институтының сарапшысы, ҚазҰУ профессоры Мағбат Спановтың пікірінше, пандемиядан кейін бүкіл мемлекет әскериден бөлек ең маңызды қауіпсіздік саласы азық-түлік екенін жақсы түсінді.

«Былтыр Үкімет көрші елдерге дизель отынын тасымалдауға тыйым салды. Егер биыл да тапшылық орын алса, оны Ресейден ала аламыз. Олар оған қуана-қуана келіседі. Мәселе бұл арада бағасында. Ішкі нарықты өзіміздің тауармен жеткілікті көлемде қамтамасыз ете алмасақ, әрине сырттан алдыртуға тура келеді. Ал сырттағы баға қымбат», – дейді ол.

Оның айтуынша, «пиязды қаппен алмаңыздар» дегендей дизельге де қатысты қылық танытса, бұл – Үкіметтің шарасыздығы.

«Министр деген бірінші кезекте саяси қызмет. Сондықтан олар экономикалық, ғылыми жаққа көп бас қатыра бермейді. Оны экономикада туындаған мәселе шешімінде нарықтықтан гөрі әкімшілік құралдарға көбірек жүгінетіндерінен де жақсы байқауға болады», – дейді ол.

Сарапшы күзде сәбіз бен қызылша бағасы қымбаттайтынын болжайды.

«Сәйкесінше, маусым кезінде қанттың бағасы да өседі. Мысалы, былтыр қант бағасы былтыр 1000 теңгеге дейін барды, кейін 445 теңгеге оралды. Бірақ сол кезеңдегі баға 265-300 теңге аралығында болған, көрдіңіз бе, баға бастапқы сомасына қайтып келмеді. Яғни, баға тербелісі бәрібір қымбатшылықты білдіреді», – дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыз