Биыл астық егу мен жинау жұмыстарына 140 млрд теңге бөлінеді

Жарияланды
Егіс алқабы аумағы көбейіп келеді. Фото: shutterstock.com

Биыл Қазақстан дихандары егіс алқаптарынан көбірек өнім алуды жоспарлап отыр.  Өйткені, бұл жылы дәнді-дақылдар егілген жер көлемі 23,4 млн гектарға ұлғайған.

Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биыл егістік жерлерінің 68,6 мың гектарға көбейгенін мәлімдеді. Атап айтқанда астық және астық дақылдарының аумағы 117 мың гектарға, жемшөп дақылдарының аумағы 36,5 мың гектарға артқан. Ал соңғы жылдары жолға қойыла бастаған қант қызылшасын өсіруге 6,7 мың гектар жер бөлініпті. Ал көкөніс өнімдері ішінде әлеуметтік маңызға ие картопты биыл 11,1 мың гектарға егу жоспарланған.

2022 жылы егістік алқаптары 2021 жылмен салыстырғанда 105 мың гектарға артып, жалпы аумағы 23,1 млн гектарды құраған екен. Сонымен бірге, өткен жылы да картоп, күнбағыс сынды маңызы бар өнімдерді өсіруге көбірек көңіл бөлінген. Министрлік басшысы биыл да көктемгі-егіс жұмыстары уақтылы және сапалы жүргізілуі үшін барлық шаралар жасалып жатқанын айтты.

 «Нарықтағы сұраныстар мен өзгерістерге байланысты, кейбір майлы дақылдарды, мәселен мақсары, соя және қыша сынды өнімдер алқабы сәл азайды. Бірақ күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар өнім көлемін артыру мақсатында, оның егіс алқабын биыл 30,8 мың гектарға көбейту жоспарда бар», деді министр. Егістік ауқымы азайған өнімдер арасында ылғал сүйгіш мақта да бар. Министрліктің болжамынша, биыл өткен жылғыдан қарағанда, мақта алқаптары 14,8 мың гектарға қысқаруы мүмкін. Солайша мақта жалпы алғанда  111,4 мың гектарға егіледі деп жосапарланып отыр. Ал дәл сондай ылғал сүйгіш күріштен керісінше, көбірек өнім алу үшін биыл оның егістік алқабын 7,6 мың гектарға көбейтіп, жалпы көлемін 95,4 мың гектарға арттыру көзделген.

Десе де, дала жұмыстарында олқылықтар да жоқ емес. Мәселен, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов тыңайтқышты жеткілікті қолданбау нәтижесінде Қазақстан 10 млн тонна сапалы бидай көлемін артыру мүмкіндігінен айрылып отырғанын айтты.

«Мелекеттік қолдау берілген шаруа қожалықтары  өздеріне міндеттелген шарттарды орындауы тиіс. Ол шарттар – агротехнологияларды пайдалану және өсімдіктерді қорғайтын тыңайтқыштарды уақтылы қолдану. Ерекше атап өтетін жайт – бізде тыңайтқыштарды қодану көлемі небары 26 пайыз екен. Бұл ғылыми қажеттілік нормасынан төмен», деді Премьер-министр. 

Үкімет отырысында топырақтың құнарсыздануы, егістікті арамшөп басуы салдарынан шаруалардың шығыны көбейіп кететіні де тілге тиек етілді.  Сонымен бірге отырыста суды көп қажет ететін егістік алқаптарын қысқарту тетіктері де жеткілікті дамымағандығы сынға алынды. Осы орайда, 2023 жылы Қазақстанда астық егу мен жинау жұмыстарына 140 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыру бөлінеді. Сондай-ақ форвардтық сатып алуға 20 миллиард теңге және субсидия түрінде 87 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Осыған байланысты Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Ал Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өткен жылы 667 мың тонна тыңайтқыш қолданылғанын, осы жылы шамамен 704 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарда бар екенін айтты. Ол тыңайтқыштардың 63 пайызы отандық аммиак селитрасы мен аммофос өнімдері екен.

«Бүгінгі таңда көктемгі дала жұмыстарына диқандарға 55 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілді, оның 27 мың тоннасы оңтүстік өңірлерге жөнелтілді. Жергілікті бюджеттерде тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасына 31,3 млрд теңге қарастырылған. Сонымен бірге, дихандардың айтуынша, оңтүстік өңірлерде аммофоспен қамтамасыз етуде қиындықтар болған, қазіргі таңда мәселе шешіліп жатыр», деді Ербол Қарашөкеев.

Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан егін бітік шығуы үшін табиғи факторлар да ескеріліпті. Қазақстанның көптеген аймақтарында, ақпан айының ортасынан бері жауын-шашын біркелкі түспеген.  «Биыл Қазастанның шығысында, оңтүстігінде, Атырау облысында, орталық Қазақстанда жауын-шашын мол болды. Ал Республиканың қалған аумағында жауын-шашын нормадан төмен болды», дейді АШМ басшысы. Осы орайда, ылғал сақтау шаралары қарастырылып жатқанын айтқан министр, қар жұқа түскен өңірлерде  ылғалдықты сақтап қалудың амалдарын жасау үшін қажетті шаралар қолға алынып, бұл мақсатта жұмыс жүргізіле бастағанын айтты.

Ауыл шаруашылық министрінің айтуынша, егіс алқаптарынан түсетін астық пен көкөніс биыл ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық өтей алады.

Сондай-ақ оқыңыз