«Көрші елдерде бірнеше есе жоғары»: Смайылов ауыл шаруашылығы саласындағы олқылықтарды атады

Жарияланды
Дихандар тыңайтқышты аз пайдаланады. Фото: shutterstock.com


Елімізде тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт жұмыс істеп тұр, алайда тыңайтқыш қолдану көлемі қажеттіліктің небәрі 26 пайызын құрап отыр. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты.

Смайыловтың айтуынша, минералды тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде себілмей қалғанынан дихандар 10 млн тоннаға жуық жоғары сапалы бидай өндіру мүмкіндігінен айырылып отыр.

«Тіпті көрші елдердің өзінде бұл көрсеткіш бізден бірнеше есе жоғары. Қазақстанда тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт жұмыс істейді. Мемлекет өнімді сатып алу үшін фермерлерге субсидия береді. Сондықтан осы өндірістердің бәрін ең алдымен отандық нарыққа бағыттау қажет»,- деді Үкімет басшысы.

Соған байланысты Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Бұл жиналған өнімнің жартысына жуық бөлігі. Топырақ тозып, егіс алқаптарын арамшөптердің басып кетуі де өнімнің сапасы мен көлеміне кері әсер етіп отыр. Суды көп қажет ететін дақылдардың алқаптарын азайту тетіктері дұрыс жолға қойылмай келеді. Фермерлер арасында түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Оларға жұмыс жүргізудің басқа, балама нұсқалары ұсынылмаған», – деді Әлихан Смайылов.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов биыл көктемгі егіс жұмыстарына 413 мың тонна дизель отыны бөлінетінін айтқан болатын.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қажетті ресурстармен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ оқыңыз