Жаңалықтар

Қазақстанда «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жүзеге асырылмақ

Алматыда Womеn in Business форумы өтті. Фото: «Атамекен» ҰКП

 Биылдан бастап Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары Қазақстанның бүкіл өңірінде «Бір ауыл – бір өнім» қосымша қызметін қолға алады. Бұл туралы Womеn in Business форумында «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Салтанат Әбдікәрімова айтты. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары 7 қызмет түрін ұсынып, әйелдердің сұранысына қарай оқыту мен тәлімгерлік тағайындау бағытында жұмыс істейді.

Қазақстанда  әйелдер басқаратын ШОБ жалпы орта бизестің 43,5%-ын құрайды. Әйелдер кәсіпкерлігі ШОБ секторындағы жұмыс орындарының 31%-ын және Қазақстанның ЖІӨ-нің 14,6%-ын қамтамасыз етіп отыр.

Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиева айтуынша, әйелдердің бизнестегі қызметі сан алуан. Ең бастысы, іскер әйел әлемдегі өзгерістерді бақылайды, нарықтың жаңа сын-қатерлеріне қарай бейімделіп отыр.

«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов әйелдер кәсіпкерлігі отандық бизестің күретамыры дейді.

«Әдетте мұндай бизнесте тәртіп, жауапкершілік, ұжымға деген қамқорлық болады. Менің ең сенімді әріптестерімнің бірі – әйелдер. Қыз-келіншектердің кәсібі күн сайын кездесетін қиындықтарға қарамастан, өте қарқынды дамып келеді. Бүгінгі форум – өңірлік іскер әйелдердің үні, жаңа идеяларды қалыптастыруға арналған нетворкинг», деді Райымбек Баталов.

Сондай-ақ, палата басшысы әйелдерді қолдауға гранттар, пайызы төмен несие, субсидиялау сынды мемлекеттің түрлі преференциясы қажет екенін атап өтті.

Форумның негізгі панельдік сессиясында ел экономикасы үшін макроэкономикалық трендтер мен сын-қатерлер, кәсіпкерлікті дамыту бойынша қолдау шаралары мен құралдары талқыланды.

Практикалық бизнес-сессияда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менторы Анна Осипова бизнесті жүргізудегі негізгі қателіктер мен сәтсіздіктерді талдады.

Бұған дейін 2023 жылы кәсібін ресми тіркеуге қойғысы келетіндер білуі тиіс 5 ерекшелікті жаған едік.

Қазіргі кезде елімізде 1,6 млн жеке кәсіпкер тіркелген, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 24,3% артық. Бүкіл ЖК субъектілерінің 93,1%-ы жұмыс істеп тұр, олардың қатары бір жылда 30,7% өсіп, 1,5 млн-ға жеткен.