Алматылық медицина мекемелерінен миллиондаған қаржы қайтарылды
Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев былтыр қала тұрғындарына көрсетілген тегін медициналық көмек сапасын бақылау жұмыстарының нәтижесі туралы айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Оның сөзінше, емханалар көрсеткен қызметтен 93 мың кемшілік анықталып, 117 млн теңге қайтарып алынды.
Ақаумен көрсетілген 7,7 мың қызмет – стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі. Олар аталған кемшіліктер үшін 880 млн теңге айыппұл төледі.
«Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға саяды. Сонымен қатар, «көрсетілді» деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар. Алматы филиалының мамандары іс жүзінде көрсетілмеген қызметтердің 300-ден астам жағдайын анықтады. Олар 3 млн теңгені кері қайтарды», – деді Тілеухан Әбілдаев.
Сондай-ақ, ол былтыр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен көрсетілген қызметтерге 117,3 млрд теңге жұмсалғанын атап өтті.