Қазақстанда құрылысы толық аяқталмаған үйлерге қоныстанғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілуі мүмкін. Бұл туралы сенат отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов мәлімдеді.
«Тұрғындар пәтеріне тезірек жөндеу жұмыстарын жүріп, қоныстанғысы келеді. Құрылысы толық аяқталмаған үйлерге қоныстанғаны үшін әкімшілік кодекстің 323-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. 2022 жылы осы бап бойынша 228 факті анықталды. Алайда бұл шара жеткіліксіз болып отыр. Сол себепті бақылау мен жауапкершілікті күшейту қажет», – деді Алмаз Ыдырысов.
Оның айтуынша, айыппұл көлемін арттыру мәселесі де қаралады.
«Қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесі қосымша пысықтауды талап етеді. Дей тұрғанмен тұрғын үйді қолданысқа қабылдауға қатысты қосымша шара қабылданады», – деді вице-министр.