Президент Алматыда сейсмоаудит жүргізу туралы жоспарды мақұлдады

Жарияланды
Президент Ерболат Досаевты қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімін қабылдады. Фото: me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады. Мемлекет басшысы Президент қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсынылған шаралар мен биылғы екінші жартыжылдықта сейсмоаудит жүргізу жоспарын мақұлдады. Бұл шара қаладағы нысандардың құжаттарын жаңартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы әкімі Мемлекет басшысына Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп берді.

Ерболат Досаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаланың 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарын әзірлеудің негізгі тәсілдері жөнінде де баяндаған. Бас жоспарды әзірлеу барысында Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 қарашада Алматы жұртшылығымен кездесуінде айтқан тапсырмалары ескерілген.

Соныммен қатар, Алматы әкімі қала ішінде «жасыл дәліздер» жасау үшін Дүниежүзілік банкпен бірлесе әзірленіп жатқан іс-әрекет жоспары бойынша аралық есеп берді. Бұл жоба бойынша жасыл желегі мол аумақтардың ауданын ұлғайту, соның ішінде өзен арналары мен каналдар бойын көгалдандыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Президентке Алматының Индустриялық аймағында автомобиль кластерін құру барысы баяндалды.
Ерболат Досаевтың дерегінше, биыл қаңтар айында қаланың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы инвестициялық және іскерлік белсенділіктің өсуі есебінен 136,7 пайызға дейін артты. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 21,9 пайызға ұлғайды. Экономиканың даму қарқынын сауда, көлік және өңдеуші өнеркәсіп салаларындағы өсім қамтамасыз етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев нақты табыстың артуын қамтамасыз етуге және қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шараларды күшейту жөнінде тапсырма берді.

Айта кетейік, 6 ақпанда Түркияда болған жер сілкінісінен кейін жұртшылық Алматы қаласындағы құрылыс сапасына қандай деген сауал туындаған болатын.

Алматы әкімі Ерболат Досаев 9 ақпанда Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуінде 2023 жылдың екінші жартыжылдығында қалада жаңа сейсмикалық аудит жүргізілетінін мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз