Түркия билігі туристік кезеңге дайындалу үшін барлық іс-шараны қабылдайды
Түркия билігі туристік маусымда қонақтарды қабылдау үшін барлық іс-шараны қабылдайды. Бұл туралы Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екиджи Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, жер сілкінісі болған аймақтағы ғимараттар ескі болған.
«Оны БАҚ-та тараған фотодан көруге болады. Ғимараттардың не себепті құлағаны анықталады. Егер құрылыс барысында тиісті материалдар пайдаланылмағаны немесе қандай да бір құрылыс стандарттары сақталмағаны анықталса, адамдар анықталып, сот алдында жауап береді», – деді Түркияның Қазақстандағы елшісі .
Жер сілкінісі болған аймақтағы кей нысан қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанша жабық болуы да мүмкін.
«Туристік кезеңнің басталуына бірнеше ай бар. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ. Жер сілкінісі кезінде зардап шеккен Антеп қақпасы – көптеген турист баратын жер. Хатайда да тарихи мешіттер бар. Бұл нысандарды қайта қалпына келтіру үшін барлық шара қолданылады. Қалпына келтіру жұмыстары кезінде бұл нысандар жабық болуы мүмкін», – деді Уфук Екиджи.
Елшінің айтуынша, пандемияға байланысты жағдай тұрақтанғаннан кейін Түркияға жыл сайын 700 мыңға жуық қазақстандық саяхаттауға барған.
«Түркияға пандемияға байланысты шектеулерден кейін 45 млн турист келді. Түркия туристер ең көп келетін бес елдің қатарына кіреді. Туристік кезеңнің басталуына бірнеше ай бар. Ол уақытқа дейін елде қонақтарды қабылдауға барлық іс-шара қабылданады», – деді Екиджи.
Оның сөзінше, қазақстандықтар жиі баратын Анталья, Алания қалалары жер сілкінісі болған аймақтан 600 шақырым жерде орналасқан.
«Қазірге дейін Түркияға алған билеттерін жаппай кері қайтарып жатқаны туралы ақпарат жоқ. Менің таныстарымның арасында Түркияға барғысы келетін азамат көп», – деді ол.
Түркия қазір ғимараттарға келген шығынды анықтау бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Қазірге дейін 1 млн 188 мыңға жуық ғимарат зерттелді. Оның ішінде 156 мың ғимарат қирау немесе құлау алдында тұр.
6 ақпан күні Түркияның бірқатар провинцияларында жер сілкінісі болған еді. Жойқын жер сілкіністерінен зардап шеккен Түркия провинцияларын қалпына келтіру процесі ағымдағы жылдың наурыз айында басталады. Бұл туралы Президент Режеп Тайып Ердоған мәлімдеген болатын.
Қазақстан Түркияға 1 млн доллар көмек берген еді.