2022 жылы Қазақстаннан сыртқа аударылған қаражат 1 трлн теңгеден асқан

Жарияланды

2022 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында ақша аударымдары жүйесі арқылы Қазақстаннан шетелге жіберілген қаржы 1 трлн теңгеден асты, деп хабарлайды finprom.kz. 2021 жылмен салыстырғанда, 2,7 пайыз артық. Аударылған ақшаның басым бөлігі Өзбекстан мен Түркияға жіберілген.

Қазақстаннан шетелге аударылған қаржы көлемі екінші жыл қатарынан 1 трлн теңгеден асып отыр дейді мамандар.

Аударылған қаржы көбейгенімен, жасалған транзакция саны азайған. Яғни шетелге бір рет жіберілген қаржының орташа чегі өсіпті. 2021 жылы бір транзакцияда орта есеппен 391,5 мың теңге аударылса, 2022 жылы 415,3 мың теңгеге дейін артқан.

Қазақстаннан аударылған қаржының басым бөлігі Өзбекстан мен Түркияға жіберіледі. Былтыр Өзбекстанға Қазақстанна 289,8 млрд теңге (2021 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 2,9% аз) аударылса, Түркияға 271,9 млрд теңге (2021 жылға қарағанда 28,9% көп) жөнелтілді. Ресейге де қомақты қаржы жіберілді: 196 млрд теңге. Дегенмен бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10,6% аз.

Қазақстанан аударылған ақша көлемі бойынша үздік 5 ел қатарына Қырғызстан (73,9 млрд теңге) мен Грузия (70,9 млрд теңге) кірген. 2021 жылмен салыстырғанда Қырғызстанға кеткен аударым көлемі екі есе азайса, ал Грузияға 2,2 есе өсті.

2022 жылы өзге елдерден Қазақстанға 678,5 млрд теңге аударылған. Ұлттық банк мәліметінше, бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 2,4 есе көп. Сонымен қатар, кейінгі бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Аударымдағы негізгі өсімді Ресей Федерациясы қамтамасыз еткен. Бұл елден жалпы сомасы 357,1 млрд теңге жөнелтілген: 2021 жылмен салыстырғанда 6,7 есе (!) артық. Осылайша, солтүстіктегі көршіміздің жалпы аударым көлеміндегі үлесі шамамен үш есе: 18,7%-дан 52,6%-ға дейін өскен.

Сондай-ақ оқыңыз