Жаңалықтар

Бөліп төлеуге алғанда жиі жіберілетін 5 қате

Қазіргі таңда көп қызмет пен тауарды бөліп төлеуге алуға болады. Оның кредиттен айырмашылығы сол — пайыз қосылмайды. Әрине, келісімшартта көрсетілген төлем мерзімін кешіктірген жағдайда өсімпұл төлейсіз. Дегенмен қаржылық жағдайы тұрақты, айлығын дұрыс есептей алатын адамға несиеден гөрі оңтайлы тәсіл десек болады. Бүгінгі материалымызда бөліп төлеуге зат алғанда көпшілік жиі жіберетін 5 қатені айтамыз.

Қандай жағдайларда бөліп төлеуге алады?

Расында, бөліп төлеу — қазір алып, бірнеше айға тең бөліп төлеуге мүмкіндік беретін қолайлы тәсіл. Осы ретте көпшілік қай кезде бөліп төлеп алатынын тізіп көрелік. Мысалы, кір жуатын машина аяқ-асты бұзылып қалды. Тұрмыстық техника сататын дүкенге барып қарасаңыз, бағасы «ұшып» тұр. Оны дәл қазір ала алмайтыныңыз анық. Ал ол соманы жинау үшін кемінде 6 ай қажет. Үйінде адам көп, барлығы жұмыс істейтін болса, жарты жыл бойы қолмен жуу қиын болуы мүмкін. Мұндайда бөліп төлеуге алғаннан басқа амал қалмайтыны анық. Сол сияқты жақсырақ табыс табу жолын үйрену үшін бір курс сатып алғыңыз келді делік. Сіз қалаған курсқа дәл қазір қолма-қол ақшаңыз жоқ. Курс ақысын ғана емес, болашақта да мол табыс табу үшін бөліп төлеуге рәсімдеуіңіз мүмкін. Әлбетте, бұл тәсілді жөн не қате деп айта алмаймыз. Өйткені білім алған кезде инвестиция ақша түрінде салынғаны жеткіліксіз. Оған қоса сіз өзіңіз оқып, үйреніп, дамуыңыз керек. Олай етпеген жағдайда, «битке өкпелеп, тоңыңды отқа жақпа» дегеннің кебі болады.

Бөліп төлеуге зат пен қызмет қана емес, қазір азық-түлік алып, дәмханалардан да тамақ алуға болады. Бұрын-соңды бұл әдіс абсурд көрінсе, қазір қалыпты жағдайға айналған. Өйткені айдың соңына қарай ақша таусылып, ойламаған жерден қонақ келетін болып қалса, бөліп төлеуге алудан өзге амалы қалмайтындар бар. Болмаса, сыйлық алып беру үшін рәсімдейді. Айталық, жолдасыңыздың 30 жас мерейтойы таяды. Оған смартфон алып бергіңіз келеді. Алған соң, қымбатын, сапалысын алсам дейсіз. Қолма-қол алуға екінің бірінің шамасы келмеуі мүмкін. Мұндайда да бөліп төлеуге жүгінеді. Сол сияқты техникадан бөлек, зергерлік бұйымдарды да жиі алады. Көлемді сома деген әркімге әртүрлі сома екенін ескеру керек. Мысалы, біреуге айына 10 мың теңгеден төлеп, жарты жылға бөліп алған қолайлы. Ал енді біреуге 60 мың айына төлеп, смарфтонды 12 айға бөліп алу норма болуы мүмкін. Демек, мұнда да әркім өз айлық табысының мөлшеріне қарай бағамдайды. Жиі кездесетін жағдайларды айтып болсақ, енді жұрт арасында кең тараған қателерге тоқталайық. 

Жиі жіберетін қателер

  1. Шарттарымен дұрыс таныспайды. Қаржы ұйымдарында жай адамға түсінікті бола бермейтін өнім көп. Несие шарттары, бөліп төлеуді рәсімдеу ережелері, төлемдерді бірнеше айға бөлу тәсілдері, грейс-кезең деген сынды терминдерді кейбірі жете түсінбейді. Осындай небір ньюанс көбейген сайын клиенттің басы қатады. Ақыры шамасына қарамай қарызға батып кетуі мүмкін, болмаса осының бәрін күрделі процесс деп ойлап жоламайды. Ал негізі басты шарт — маркетиң қақпанына түспей, саналы түрде шешім қабылдау. Мысалы, карта таңдағанда оның кредит кард емес, расында бөліп төлеуге арналғанына көз жеткізіңіз. Одан кейін барынша тиімді деген түріне тоқталыңыз. Қазір банктерде бөліп төлеу қызметін ұсынатындар аз емес. Соның ішінен кэшбегі көп, қалған қалдыққа пайыз қайтаратындай тәсілдері қарастырылғанына тоқталған жөн. Ол үшін басқалардың ұсынысын да қарап шығу керек.   
  2. Тым көп тауар алып тастайды. Кейде адам шопиң жасаған кезде эмоция жетегінде кетіп қалады да, керек затты ғана емес, тіпті маңызы жоқ дүниелерді де алып тастауы мүмкін. Осы ретте көпшілік жіберетін мына қатені атап өту керек: олар әлгі картадағы ақшаны өзімдікі деп ойлайды. Сөйтіп ессіз құрта береді. Ал оның артында қайтарымы бар екені сол сәтте басына кіріп шықпайды. Абзалы, кез келген банктің бөліп төлеу картасын не қызметін аларда алдымен өзіңіздің алдағы 3-6 айдағы қаржылық жағдайыңызды қарап алыңыз. Айына қанша теңгеден төлеп отыра аласыз. Қай сомадан асса, сізге төлеу қиын болады — есептеңіз. Өйткені затты аларда сізде сол тауар не қызметке деген құштарлық болып тұрады да, артыңызды ойламауыңыз мүмкін. Алуын алып, төлеуге келгенде қарызға кіріп, өсімпұл төлеп жүрмеңіз. Мысалы сіздің айлыңыңыз — 200 000 теңге. Оның 150 000 теңгесі айлық шығыңыз десек, 20 мың теңгесін қорға жинайсыз. Демек сіз бөліп төлеуге алсаңыз, ол заттың төлемі 30 мың теңгеден аспауы керек. Тіпті бұл сомаға тіреудің керегі жоқ. Енді қараңыз: айына 30 000 теңге төлей аласыз, алатын тауарыңыз 90 000 теңге шамасында болса, оны үш айда жауып тастайсыз. Ал енді алты айға бөліп алсаңыз, онда — 180 000 теңге.
  3. Акцияларды қарамайды. Дүкендер мен банктердің ұсыныстарын шолып шыққан дұрыс. Акцияның бәрін маркетиң қақпаны деп есептеу жөн емес. Арасында шынымен тиімдісі болады. 
  4. Басқа жерлермен бағасын салыстырмайды. Көзге көрінген дүкенге кіре салып, бөліп төлеуге ала салғанда құдды қалтамызда сондай сома қолма-қол жүргендей сезініп қалатын кездер болады. Дегенмен ай сайын төлейтін міндеттемесі бар жерде жақсылап ойланып шешім қабылдаған жөн. Соның ішінде, бағасы қымбат заттарды аларда ойланыңыз. Бір жерде 740 000 теңге тұрған смартфон келесі бір жерде 690 000 теңге тұруы мүмкін. Әлбетте, сапасы, сипаттамасын да қарап шығуыңыз керек. Болмаса, дәл сол уақытта бір жерде сіз қалаған тауарға жақсы жеңілдік жасалып жатуы мүмкін. Қай жерде де салқын сана қосылып, үнемдеп қалуға тырысқан абзал. Өйткені бөліп төлеу деген — өзіңіз кейін қайтаруыңыз керек екенін білдіреді. Көңіл-күй көтеріңкі кезде немесе көңіліңіз құлазыған кезде әлдене сатып алу арқылы орнығуға тырыспаңыз. Қазір дүкен көп. Тауар ассортименті де жетіп артылады. Сондықтан эмоцияның жетегімен жүрмеген дұрыс.
  5. Төлем күнін ұмытып кете береді. Басында айтқанымыздай, мұнда пайыз жоқ дегенімен, күнін кешіктерсеңіз өсімпұл төлейсіз. Сондықтан кредит болсын, бөліп төлеу болсын — төлем күніне мұқият болыңыз. Өйткені өсімпұл төлеу сізге артық шығын болады. Ондай болмас үшін аларда бәрін есептеп, айлық уақытына туралау керек. Мысалы, сізге айлық әр айдың соңғы күнінде түсетін болса, бөліп төлеуге алып, оның төлем күнін 28-і деп бекітсеңіз, әрине сіз кешіктіріп төлеуіңіз мүмкін. Себебі айлыққа әлі 2-3 күндей жетпейді. Осы сынды тұстарды дұрыстап қарау қажет.

          Мысалы, былай қарастырып көрелік:

  • 30 000 теңгеге қысқы етікті үш айға бөліп алдыңыз;
  • 20 000 теңгеге азық-түлікті екі айға бөліп алдыңыз;
  • 60 000 теңгеге шаңсорғышты 6 айға бөліп алдыңыз.

          Олай болса, сіздің айлық төлеміңіз мынадай болады деген сөз:

  • 1-ай: 10 000 + 10 000 + 10 000 =30 000 теңге
  • 2-ай: 10 000 + 10 000 + 10 000 =30 000 теңге
  • 3-ай: 10 000 + 10 000 =20 000 теңге  
  • 4-ай: 10 000 теңге
  • 5-ай: 10 000 теңге  
  • 6-ай: 10 000 теңге 

Қазір төлемді ұмытып кету қиын. Себебі мобайл қолданбаларда пуш арқылы хабарлама келіп тұрады. Яғни мәселе клиенттің есінен шығып кеткенінде емес, көп жағдайда ақшалай жағын реттемегеннен болады. Сол үшін кредит, бөліп төлеуге алған кезде оның төлем күнін жоспарға қосып жүрген дұрыс. Ал айлықтан оған белгілі бір соманы бөлетіңізді алдын-ала жоспарлап, жалақы түскен бойда шотқа салып отырсаңыз, стресс аз болады. Қазақта «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген бар. Бөліп төлеуге алғанда маңыздысы осы қағиданы ұстану. Банктің тегіннен тегін беріп жатқан ақшасы деп қарамаңыз. Шамаңыз келе ме, соны бағамдаған соң ғана алыңыз, қолданыңыз. Жекелей алғанда бөліп төлеуге алу қызметі түбегейлі жаман не жақсы деп баға беруге болмайды. Өйткені оның сізге кері әсер етуі не өмірді жеңілдетуі өзіңізге ғана байланысты.