Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл Ақша-кредит саясатының жай-күйі туралы Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚРҰБ Төрағасы Ғалымжан Пірматовтың
мәлімдемесін жариялады.
Базалық мөлшерлеме бойынша шешім кезекті болжамдық раундты өткізумен бірге қабылданды. Макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын жаңартумен қатар инфляция тәуекелдерінің балансын да бағаладық.
Қабылданған шешім елдегі инфляциялық процестерді баяулатуға, орта мерзімді перспективада инфляцияны тұрақтандыруға және нысаналы мәндерге дейін төмендетуге ықпал ететін болады.
Сондай-ақ, оның айтуынша БІРІНШІ. АҒЫМДАҒЫ ЖӘНЕ КҮТІЛЕТІН ИНФЛЯЦИЯ ДИНАМИКАСЫ.
2023 жылғы қаңтарда жылдық инфляция, біз күткендей, өсуін жалғастырып, 20,7%-ды құрады. 25,7%-ға дейін жеделдеген азық-түлік өнімдері бағасының өсуі инфляцияға ең көп үлес қосты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 20,2%-ға, қызметтер бағасының өсуі– 14,2%-ға дейін жеделдеді. Айлық инфляция биылғы қаңтарда 1,1%-ды құрап, төрт ай қатарынан баяулауын жалғастырды. Айлық инфляция төмендегеніне қарамастан, орташа тарихи мәндерден жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Базалық инфляция әртүрлі бағалауларға сәйкес баяулағанына қарамастан, экономикада жоғары инфляциялық ортаның сақталуын көрсетті. Елдегі инфляциялық процестер біраз тұрақталды. Бірақ жоғары ішкі сұранысқа, логистикалық және өндірістік тізбектердің қайта құрылуына, ынталандырушы фискалдық саясатқа, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулерге байланысты инфляция жоғары деңгейде қалыптасуда. Инфляциялық күтулер 2022 жылдың желтоқсан айында тарихи ең жоғары деңгейге жеткеннен кейін қаңтар айында 17,3%-ға дейін төмендеді. Бағалау халықтың ағымдағы инфляциялық ортаны әлі де жоғары деңгейде сезінетінін көрсетіп отыр. Олардың төмендеу тренді әлі қалыптаспаған. Бұл инфляцияның тез баяулауына кедергі келтіреді.
ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКА ФАКТОРЛАРЫ.
Биылғы қаңтарда Қазақстанда нақты жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны өткен жылғы төмен база себебінен 5,6%-ды құрады. Тауар өндірісі 2,3%-ға, қызмет көрсету саласы 7,6%-ға өсті. Барлық негізгі салалар бойынша оң динамика байқалуда, ең жақсы көрсеткіштер сауда (+ 19,4%), ақпарат пен байланыс (+ 18,1%), сондай-ақ құрылыс (+ 12,5%) саласында орын алды.
Инфляцияның айтарлықтай өсуіне және халықтың нақты табысының төмендеуіне қарамастан, тұтынушылық сұраныс әлі де оң қалпында қалып отыр. Тұтынушылық кредиттеудің өсуіне, жоғары инфляциялық күтулерге орай азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасының өсуі сақталуда. Бұл азық-түлікке жатпайтын импорттың артуына әкеледі.
Қаңтарда негізгі капиталға инвестициялар
18,3%-ға (ж/ж) дейін өсті. Атап айтқанда, өнеркәсіпке қаражат салу көлемі 9,2%-ға, ауыл шаруашылығында – 33,7%-ға, жылжымайтын мүлік операцияларында – 33,7%-ға, көлік пен қоймада сақтау саласында – 31,8%-ға өсті.
ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА.
Геосаяси жағдайдың айқын болмауы және азық-түліктің жоғары бағасы – сыртқы ортаның негізгі проинфляциялық факторлары болып қалды.
Дегенмен сыртқы инфляциялық орта жақсара бастады. Көптеген елдерде, оның ішінде, Қазақстанның сауда әріптес елдерінде инфляциялық процестердің баяулағаны байқалады. Бұған шикізат пен тауар нарығындағы қысымның төмендеуі мен тауар жеткізу тізбектері жағдайының жақсаруы ықпал етіп отыр.
Жалпы алғанда, жаһандық инфляция одан әрі төмендейді деп күтілуде. Бұған астық өнімінің мол алынуы, астық мәмілесін сақтау нәтижесінде астық бағасының төмендеуі және әлемдік экономикадағы өсудің баяулауы ықпал ететін болады. Нәтижесінде, бұл Қазақстандағы бағаларға да қысымның әлдеқайда әлсіреуіне алып келуі мүмкін. Соған қарамастан, алдағы екі жылда көптеген елде инфляция нысаналы таргеттен жоғары болады. Осыған орай сыртқы монетарлық жағдай қатаң қалпын сақтап, көптеген елдегі экономикалық белсенділікті тежейтін болады.
Әлемдік мұнай нарығында қалыпты оң динамика күтіледі. Әлемдік сұраныс 2023 жылы рекордтық деңгейге дейін артады деп күтілуде. Пандемиядан кейін экономиканың ашылуына байланысты Қытай сұраныстың өсуіне ең үлкен үлес қосатын болады. Болжам бойынша, Ресейде мұнай өндіру ең алдымен, эмбарго мен мұнай өндірудің ерікті түрде қысқаруына байланысты азаятын болады.
Базалық сценарийге сәйкес, Brent маркалы мұнай бағасының 2023 жылы қазіргі деңгейден 1 баррель үшін 90 долларға дейін біртіндеп көтеріледі деп болжанып отыр. Биыл мұнайдың орташа бағасы 1 баррель үшін 87,7 долларды құрап, 2024 жылы 85 долларға дейін біртіндеп төмендейді. Оптимистік сценарий бойынша Brent маркалы мұнайдың бағасы 1 баррель үшін 110 доллар, ал пессимистік сценарий кезінде 1 баррель үшін 50 долларды құрайды.