Жаңалықтар

Мемлекет басшысы ТЖМ қызметкерлерін марапаттады

Түркияға барған құтқарушылар. Фото: ТЖМ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқарудағы жанқиярлығы, сондай-ақ Түркия мен Сириядағы төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін бірқатар ТЖМ қызметкерлерін марапаттады.

Мемлекет басшының жарлығымен ІI дәрежелі «Айбын» орденімен Жоламанов Айдын Қарақоржынұлы және Топанов Құрманғали Сатыбайұлы марапатталды.

Айдын Жоламанов – Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы. Ал Құрманғали Сатыбайұлы ҚР Ұлттық Ұланы 3656 әскери бөлімінің авиациялық жасағының кеме командирі болып қызмет атқарады.

«Құрмет» орденімен құтқарушылар Айтпаев Ардақ Мақсұтұлы, Сойко Руслан Анатольевич, Цой Владимир Константинович марапатталды.

«Ерлігі үшін» медалін Алдабекова Алмагүл, Арифджанов Султан, Берлыбеков Ерік, Денисов Дмитрий, Қозыбахов Жазылбай, Оразалин Қахарман, Сарсембаев Абдолла кеудесіне тақты.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы 3656 әскери бөлімінің литерлік авиациялық жасағының кеме командирі Хабиболла Берікболсын марапатталды.

«Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясының ұшу қызметінің Ил-76 ұшағының штурмандары Николай Гудеев пен Нұржан Оспанқұлов «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты.

Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы құтқарушы Наурыз Мерекеұлына табысталады.

Сонымен қатар 112 адамға, оның ішінде құтқарушыларға, медицина қызметкерлеріне, кинологтар мен авиация мамандарына Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы жарияланды.

ҚР ТЖМ-ның жүзден аса қызметкерлері Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерді құтқаруға барған болатын.