ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Жетісу облысына жұмыс сапары аясында өңірдің көлік-логистикалық және агроөнеркәсіптік әлеуетін дамыту барысымен танысты. Бұл туралы Үкімет телеграм арнасы хабарлады.
Талдықорған әуежайында Үкімет басшысына Талдықорған – Қалбатау – Өскемен, Үшарал – Достық, Сарыөзек – Көктал, Лепсі – Балқаш автожолдарын және Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңарту, сондай-ақ облыстың Алакөл ауданында транзиттік инфрақұрылымды дамыту туралы баяндама ұсынылды.
«Облыста транзиттік әлеуетті дамыту үшін барлық ресурстар бар. Оның аумағында «Достық» және «Нұр жолы» екі халықаралық өткізу пункті, «Достық» және «Алтынкөл» шекаралық теміржол стансалары орналасқан, халықаралық транзиттік маршруттар өтеді. Өңірдің барлық мүмкіндіктерін көлік-логистикалық салаға тарту қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр сонымен қатар Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңартуды аяқтаудың маңыздылығын атап өтті, соның арқасында үлкен фюзеляжы бар әуе кемелерін қабылдау мүмкіндігі пайда болды.