Жаңалықтар

«ҚазТрансОйл» Германияға жіберілетін мұнайды қабылдай бастады

«ҚазТрансОйл» Германияға тасымалданатын мұнйды қабылдай бастады. Фото: kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» АҚ-ның еншілес компаниясы «ҚазТрансОйл» (ҚТО) Германияға тасымалданатын мұнайды қабылдай бастағанын хабарлады.

 «23 ақпан күні «ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі қазақстандық мұнайды Германияға тасымалдау үшін қабылдай бастады», деді «ҚазТрансОйл» АҚ жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар департаментінің директоры Шыңғыс Ілиясов.

 Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес, «ҚазТрансОйл» АҚ ақпан айында 20 мың тонна мұнайды «Дружба» мұнай құбырымен «Адамова застава» мұнай бекеті арқылы Германияға жеткізеді.

Бұған дейін энергетика министрі Болат Ақшолақов қазақстандық мұнай «Дружба» магистральдық құбыры арқылы Германияға 22 ақпаннан жөнелтіле бастайды деген еді.

«Дружба» туралы айтар болсақ, жер қойнауын пайдаланушыға қатысты тендерді кеше біттік. Тек техникалық жұмыстары қалған. Мұнай құбыр арқылы бүгін жөнелтіледі деген үміттемін», деді ол журналистерге.

Қазақстан Германияға мұнайдың бірінші партиясын қаңтар айында жіберуді жоспарлаған. Бірақ жоспар кейінге шегеріліп, ол ақпан айына қалды.

«ҚазТрансОйл» Германияға «Дружба» арқылы бірінші тоқсанда 300 мың тонна, жылдың соңына дейін 1,2 миллион тонна жеткізетінін хабарлаған.