Darkhan Juzz сахналық атымен белгілі отандық әнші Дархан Жүнісбеков өмірден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өнерпаздың өмірден озғанын Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады.
«Таиланд полициясының мәліметіне сәйкес, 24 ақпанда Пхукет аралында Қазақстан азаматы Дархан Джунусбеков қайтыс болды. Жерлесіміздің өліміне мопедпен болған жол көлік апаты себеп болды. Қазір мәйітті Қазақстанға жеткізу үшін қажетті құжаттарды ресімдеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Отандасымыз 31 жаста болатын.
РЭП орындаушы, өлеңдер авторы әрі саунд-продюсер Дархан Жүнісбеков (Darkhan Juzz) 1991 жылы 9 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген.
Ол ән шығарумен 14 жасынан бастап айналысқан.
Жерлесіміздің шығармашылығы классикалық трэп, акустикалық гитара және сезімтал лириканы біріктіреді.
Әншінің бақұл болуына байланысты Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин көңіл айтты.
«Қаралы хабар естігенде төбемізден жай түскендей болдық. Дарынды әнші Darkhan Juzz Дархан Жүнісбеков өмірден өтіпті. Дархан қазіргі заманғы қазақ музыкасының жарқын өкілі еді. Жарқырап жанып келе жатқан жұлдыздың мезгілсіз ағып түскені қабырғамызды қайыстырды. Еліне бергенінен берері көп, қазақ музыкасын дамытуға үлкен үлес қосатын азамат болатын. Амал нешік, ажал оны арамыздан ерте алып кетті. Алдың жарық, топырағың торқа болсын, Дархан! Сенің жарқын бейнең өнеріңді қадірлейтін жұрттың жүрегінде мәңгі сақталады!», – деп жазды Е. Қарин Instagram парақшасында