Елімізде тек 1,5 миллион тонна сүт өндірістік жолмен алынады – сарапшы
Мемлекет басшысы баршаға үлгі еткен «Родина» ауылы несімен ерекше? Ауылды несиелендіру. Мемлекет меншігіне қайтарылып жатқан жайылымдық жерлер. Алматы облысына америкалық алпауыт компанияның келетіні рас па? Елімізде сүт фермалары көптеп ашылып жатқанымен, неге дүкен сөрелерінен таза сүтті көрмейміз? Еттің бағасы, дизельдің жайы. Осы аталған мәселелер ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты басқармасының төрағасы Айбын Төрехановпен болған сұқбатта талқыланды.
– Таяуда Мемлекет басшысы «Родина» агрофирмасының басшысы Иван Сауэрді қабылдады. Президент өз сөзінде «Родина» ауылын (Ақмола облысында) мақтап, көпке үлгі етіп көрсетті. Сіздіңше, басқа ауылдарға осылай етуге не жетіспейді?
– Шындығында, «Родина» шаруашылығы – үлгілі шаруашылық, барлық өндіріс заманауи талаптарға сай ұйымдастырылған. Егін шаруашылығы да, мал шаруашылығы да озық технологияларды және ғылыми жетістіктерді барынша ескеріп дамып келеді. Мысалы, соңғы жылдары, осы шаруашылық біздің ғалымдармен бірлесіп бал шаруашылығын дамыта отырып, егін шаруашылығының өнімділігін арттыруды да жолға қойды.
Менің жеке пікірім, шаруашылық басшылығы біріншіден, патриот, өз Отанын жақсы көреді. Екіншіден, өндіріске өте жауапкершілікпен қарайтын, әрі білімін ұдайы ұштап отыратын білгір азамат. Иван Адамұлы мамандарға ерекше талап қояды және олардың барлық жағдайын жасаған. Тұрмыстық жағдайы өз алдына, олардың білімі мен біліктілігін жетілдіруге де ерекше назар аударады. Негізгі өндіруші күш жұмысшы және мамандар екенін жақсы түсініп, өндірісті ұйымдастыру барысында халықтың әлеуметтік жағдайын толық қамтыған. Жұмысшылардың жоспарлы жұмыс істеуіне және уақтылы демалуына барлық жағдай жасалған. Биік мінберлерден айтылып жүрген әлеуметтік ынтымақтастық осы шаруашылықта толық жүзеге асқан.
Тағы бір ерекшелігі, шаруашылық-қаржылық мәселелер жоспарлы түрде қарастырылған, егін шаруашылығында технологиялық карталарды сақтау қатаң бақыланса, мал шаруашылығында жоспарлы өнім өндіру мен оны сату күнделікті назарда. Өйткені, сауын сиыр саласы күнделікті қолма-қол ақша тауып тұр.
– 2022 жылдың қорытындысы бойынша, жыл бойына ауылшаруашылығын несиелендіру көлемі 40 пайызға артқан екен. Жалпы, ауылға бөлініп жатқан 2,5 пайыздық несие бағдарламасы (5 млн теңгеден) өзіндік нәтиже береді деп ойлайсыз ба?
– Президенттің пәрменімен өндіріске жол тартқан 2,5 пайыздық несие кез келген шаруаның кәсіп ашуына таптырмас көмек, тек кепілге қоятын мүлкі болса және алынған қаржы мақсатты түрде жұмсалса болған. Ең бастысы, шаруа тарапынан пысықталған жоба жасалып, адал іс атқарылып, тиянақты жұмыс жасалғаны абзал. Осындай бағдарламаларды жүзеге асырарда жергілікті атқару органдары «жеті рет өлшеп, бір рет шешім» қабылдағаны жөн. Өйткені, несиенің сұрауы бар. Несие уақтылы қайтарылса, кезекте тұрған келесі үміткерлерге де несие тиеді, яғни револьверлік қағиданың жүзеге асқаны жөн…
– Қазір жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алу процесі жүріп жатыр. Осы бағыттағы жұмыс көңіліңізден шығады ма?
– Қайтарылып жатқан жерлер Жер кодексі заңының шеңберінде жүзеге асуда. Жайылымға қатысты күрделі мәселе неден туындайды? Көбіне, ауыл тұрғындары қазақы санамызда қалыптасып қалған түйсікке орай мал ұстасақ деген ұмтылыс жасайды. Содан, ауылға жақын инфрақұрылымы толық: жолы салынған, электр сымы тартылған, суы бар жерлерге талас басталады. Кеңестік дәуірден кейін игерілмей жатқан шалғайдағы жайылымға баруға ешкімнің ықыласы жоқ. Ол үшін артық шығын шығарғысы келмейді.
Осы орайда, менің пайымдауымша, біріншіден, арнайы мемлекеттік бағдарлама қарастырылып, бос жатқан жайылымдарға мал басын апаруға ынталандыру жүйесін қалыптастыру керек.
Екіншіден, ауыл маңындағы немесе инфрақұрылымы қамтылған жер телімдеріне екпелі-ауыспалы көп жылдық жайылым ұйымдастырып, оны жыл бойына ауыспалы түрде тиімді пайдалуды іске асыру қажет.
Үшіншіден, бағдарлама аясында, шалғай жайылым мен ауыспалы жайылымдарды тиімді пайдаланған шаруаларға инвестициялық шығындарын өтейтін субсидия берген жөн.
Төртіншіден, елімізде жер пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыратын тетіктерді қалыптастыру керек.
Егін саласында жердің құнарлылығы азайса, жайылым саласында жер тозып жатыр, осы мәселе мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынғаны жөн. Адамды асырайтын жер екені белгілі, бірақ оны анамыздай қастерлеуге ықылас жоқ. Осы орайда, жер қатынастарын реттейтін заңнамалардың талаптары күшейтіліп, жер иеленуішілердің (әсіресе, жеке меншікке алған) жауапкершілігін арттыру мәселесін жедел енгізу қажет.
– Ет өндірісі саласында ірі америкалық алпауыт компания Tyson Foods-тың 2025 жылы Алматы облысынан ойып орын алатыны туралы сөз бар. Сүтті сиыр фермасы ашылып, жайылым және жем-шөп үшін арнайы жер телімдері де бөлінетін көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, кластерлік жүйедегі агрокешен. Бұл ел экономикасы үшін жағымды жаңалық па?..
– Шетелдік компаниялардың Казақстанда өндіріс орнын ашып, халықты жұмыспен қамтуы құптарлық жағдай. Осындай алпауыт компаниялар елге жаңа технология әкелгені абзал. Жаңа технология жұмыс орнын ашумен қатар еңбеккерлердің жаңа әдіс-тәсілдерді игеруіне итермелеп, олардың әл-ауқатының артуына және өңірдің экономикалық әлеуетінің өсуіне тікелей ықпал етеді. Әрине, оның оң әсері басым.
– Ал мұндайда отандық компаниялар бәсекелестік тұрғысынан ұтылып жүрмейді ме?..
– Әзірге, отандық шаруалар қарқынды технологиямен мал өсіру жолдарын игеруге дәрменсіз, өйткені қаржылық мүмкіндіктері шектеулі, ал жергілікті қалталы азаматтар осы бағытта жұмыс жасауға енжарлық танытып отыр. Әрине, әр жерде қадау-қадау азаматтар бар, мысалы, Алакөл ауданындағы Оспанов Бауыржан деген азаматтың атқарып жатқан тірлігі ауқымды. Дегенмен, мал басын көбейту барысында шағын шаруалардың дамуына ықпал ете отырып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесін шешетін ірі жобаларды жүзеге асыру жергілікті атқару органдарының құзырында.
– Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 8 сүт фермасы іске кірісіп, 348 жаңа жұмыс орны ашылды. Алда өңірде тағы 9 сүт фермасын ашу жоспарланып отыр. Таяуда Абай облысында да сүт зауыты ашылмақ деген ақпарат тарады. Сұрайын дегенім, осының нәтижесін біз дүкен сөрелерінен байқамаймыз ғой. Неге?
– Бүгінгі таңда статистикалық мәліметтер бойынша, сүт өндірісі жақсы болғанымен, іс жүзінде сөрелерде тұрған сүт өнімдері, көбіне, шет елден келген тауарлар. Сондықтан, сүт кешендері санының артуы қолдайтын үрдіс, өйткені өнім өндірістік стандартқа сай өндіріледі, мал азығын дайындау және басқа да технологиялық тізбектердің барлығы санитарлық тұрғыдан да, сұраныс тұрғысынан да сапалы өнім алуға қол жеткізеді.
Мысалы, статистика агенттігінің мәліметі бойынша, 6 миллион тонна сүттің тек 1,5 миллионы өндірістік жолмен өндіріледі, қалғаны халықтың қосалқы шаруашылығындағы малға тиесілі. Осы орайда, «сауын сиыр қандай азықпен коректенді, сүт қандай жолмен сауып алынды, санитарлық жағдай сақталды ма және мал басының ветеринарлық саулығына кепілдік бар ма» деген сауалдарға тұшымды жауап табу қиынға соғады. Осы мәселелер сүттің сапасына тікелей әсер етеді. Әзірге, сүтке деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз еткенше сүт кешендерін салу күн тәртібінен түспейді.
— Биыл еттің бағасы қанша болады? Жалпы, сұраныс пен ұсыныс арақатынасы қандай болып жүр елімізде?
– Биыл еттің бағасы өсіп, қымбатшылық болатыны туралы болжам жасаудың қажеті жоқ, ол онсыз да белгілі. Бұл арадағы мәселенің екі жағы бар: баға халықтың қалтасын қаққанмен, шаруашылықтың тиімділігін түсірмейді. Біз кейде, пендешілікпен, «баға неге қымбаттайды» дегенмен, шаруаның тауып отырған нәпақасын ескермейміз.
Сырттан етке деген сұраныс көп, бірақ, соны ұқсатып, сата алмай жатырмыз. Бұл – күрмеуі мол күрделі мәселе. Ал оны қысқаша түйсек, Үкімет дәрменсіздік көрсетіп, жергілікті әкімдер істің ығын таппай, немқұрайлыққа жол беріп жатыр. Шындық осы.
– Дизель тапшылығымен байланысты жемшөп мәселесі бе бағаға әсер етеді ғой…
– «Енді,қымбатшылыққа жемшөптің әсері бар» деген жайт шаруаның құнттылығына тәуелді. Мал бағудың тиімді жолдарын игерген, мезгілімен мал азығын дайындайтын шаруаларға жемшөптің құны қымбатқа түспейді.
Дизель бағасына шектеу шараларына келсек, бұл мәселеде, расында Үкіметтің дәрменсіздігі байқалады.
Мысалы, дизель мәселесі түбегейлі шешілу керек еді, бірақ немқұрайлылық пен мәселені шешуді ысыра салу шарасыздыққа ұрындырды. Шаруа дизельді тек көктемгі жұмыс немесе күзгі орақ науқанына алмайды. Егіндік жерлерді тыңайту, шалғындықтарды жақсарту, арам шөптерге қарсы шаралар және шөп шабу мен жинау кезінде техника пайдаланылады. Осы жұмыстар кезінде шаруалар дизельді қымбат бағамен алуға мәжбүр болады, бұл, әрине, өнімнің қымбаттауына әкеледі.
Мысалы, бидайды кептіруде де көп құрылғылар дизель отынымен жұмыс істейді. Арзандатылған дизель болмаса, әлбетте, элеваторлардың қызметі қымбаттайды. Сол секілді жеміс-жидек сақтау қоймалары да дизельдік генератор қызметіне жүгінеді, әсіресе, жылыжайлардың шығыны осындайда еселеп артады. Соңында, дизель бағасы қарапайым халықтың қалтасын қағады.
– Әңгімеңізге рақмет!