Жаңалықтар

Ұлттық қордың табысы неге азайды?

Фото; ғаламтор желісінен

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов былтыр Ұлттық қордың табысы неге түсіп кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық банктің табыстылығына келсек, оны да ашық айтып келеміз. Былтырғы қорытындыны айту үшін жылдық сандарды нақтылауға уақыт керек. Ұлттық қордың 2022 жылғы табыстылығы -10,35 пайыз немесе 5,8 млрд доллар болды. Бұл Ұлттық қор ақшасын құнды қағаздарға салуға байланысты. Естеріңізде болса, былтыр акциялар нарығы мен борыштық құнды қағаздардың, облигациялардың нарығы өте құбылмалы болды. Негізгі ірі қорлардың бәрі шығын шекті. Мысалы, Швейцарияның Ұлттық банкі өзінің бүкіл 115 жылдық тарихында ең үлкен шығынға ұшырады – 132 млрд Швейцария франкін жоғалтты немесе -16,3 пайыз табыстылық көрсетті. Норвегияның әл-ауқат қоры 1,6 трлн крон немесе 64 млрд доллардай қаржыдан айырылды», – деді ол.

Айтуынша, Қазақстанның Ұлттық қоры да осыған ұқсас табыстылық көрсеткен.

«Бұл көрсеткіш Ұлттық қор портфеліндегі құнды қағаздардың асыра бағаланғанына байланысты. Яғни, осы құнды қағаздардың бағасын қалыпқа келтірген кезде Ұлттық қордың табыстылығы да қалпына келеді. Қаңтардың өзінде көріп отырмыз, осы айда Ұлттық қордың табыстылығы +1,8 млрд доллар болды. Яғни, біз ол құнды қағаздарды бағасы түсіп кеткен кезде сатқан жоқпыз», – деген Ғалымжан Пірматов Ұлттық қордың айлық немесе жылдық табыстылығына қарап ой қорытуға болмайтынын айтты.

«Ұлттық қордың табыстылығы ұзақмерзімді көрсеткіштерде ғана айқын көрінеді. Сондықтан сарапшыларға, БАҚ өкілдеріне де қысқа мерзімдердегі көрсеткіштерді негізге алып, атышулы мәлімдеме жасаудан аулақ болуға шақырамын», – деді Ұлттық банк басшысы.

Айта кетейік, Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде қалдыру жөнінде шешім қабылдады.