Жеке тұлғалардың банкроттығы: бюджет қанша қаржы жоғалтады?

Жарияланды
Фото: kursiv.media

3 наурыздан бастап Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттық процедурасы басталады. Қаржы министлігінің мәліметі бойынша, аталған мүмкіндікті шамамен 1 миллионнан астам адам пайдалануы мүмкін.

Ал сенат депутаты Советбек Мәдиев болса аталған процедураның ел бюджетіне соққы болып тиетінін айтады. Сенатордың сөзінше, жеке тұлға банкрот болған кезінде есептен шығарылған қарыз сомасы кіріс ретінде көрсетілмейді, тиісінше оған салық та салынбайды. Бұл бюджет қазынасын ортайтып кетуі ықтимал.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, жаңа түзетулерге сәйкес, банкроттық аясында есептен шығарылған сома адамның кірісі болып есептелмейді және салық салынбайды.

«Аталған сома шартты түрде есептелген. Қазіргі уақытта 1,1 миллионнан астам адамда қарыз бар. Олардың жалпы қарызы 1,1 трлн теңгені құрайды. Осылайша, жергілікті бюджет жоғалтатын қаражат көлемі – егер 100 пайыздық өтінім беру жағдайында үш жыл ішінде 100 млрд теңге болмақ. Яғни, 2023 жылы біз – 50 млрд теңге көлеміндегі, 2024 жылы – 30 млрд теңге, 2025 жылы 20 млрд теңге көлеміндегі жоғалтуды көреміз. Тағы да қайталап айтамын, бұл – шартты есептеу. Мүмкін қарызы бола тұра азаматтардың бірқатары жеке тұлға банкроттығына өтінім бермейтін шығар. Бере қалған күнде де критерийге сай келмей, қарсылықты жауап алуы да мүмкін», деді вице-министр.

Министрдің орынбасары қазірге дейін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң аясында қандай жұмыс атқарылғанын да айтып берді.

«Біз қаржылық басқарушы бойынша мемлекеттік қызметті қостық. Электронды форматтағы өтініштер түсіп те жатыр. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың және өзге де мекемелердің 40 жүйесімен интеграцияланған жаңа ақпараттық жүйені іске қостық. Екі рет пилоттық жобаны жұмыс істетіп, жүктемелік сынақтар жасап көрдік. Жүйе жақсы жұмыс істеп тұр. Бүгін процеске дайындық бойынша үкіметтік деңгейде жиын өткіздік. 3 наурызда өтінімдерді қабылдай бастаймыз. Біздің басқарушылық деңгейдегі қызметкерлеріміз борышкерлері көп өңірлерге баратын болады», деді Ержан Біржанов.

Белгілі болғандай, ведомство қызметкерлері қазірдің өзінде барлық өңірлерге барып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Көбіне азаматтарға жеке тұлға банкроттығы шарасының қарызды кешіру акциясы емес екені ұғындырылған.

Біржановтың айтуынша, банкрот атанған адам бес жыл көлемінде несие рәсімдей алмайды, сондай-ақ жеті жыл бойы арнайы реестр тізімінде болады. Сонымен қатар банкрот атанған адамның қаржылық жағдайына үш жыл бойы мониторинг жасалып тұрады.

Бұған дейін егер азамат өзін банкрот деп жарияласа, онда оған өсімпұл есептеудің тоқтатылатыны хабарланған еді. Қазіргі уақытта елімізде 6,5 мың ипотекалық қарыз алушы бар. Олар жеке тұлға банкроттығы процедурасын пайдалануға құқылы.

Айта кетейік, мемлекет банкрот болудың үш тәсілін ұсынып отыр: сот банкроттығы (5,5 млн теңгеден асатын қарызы бар адамдар қатыса алады), соттан тыс банкроттық (қарызы 5,5 млн теңгеден аспайтын азаматтар қатыса алады) және төлем қабілетін қалпына келтіру.

Соттан тыс банкроттық рәсімін Egov.kz электронды порталы және «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы да жүзеге асыруға болады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, сот банкроттығының мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны қайтарып ала алады. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредитор оны талап етуге құқылы емес. Сот банкроттығы рәсімін жүзеге асыруға қаржы басқарушысы қажет болады, олар – заңды тұлғалар банкроттығы рәсіміндегі әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң консультанттары және аудиторлар.

Бұл ретте барлық борышкердік дерлік басқарушы қызметіне ақы төлеуге қабілетті емес екені де белгілі. Сондықтан мемлекет әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар үшін қаржы басқарушысының ақысын өзі төлеп береді.

Банкроттықтың ең қолайлы тәсілі – төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі. Бұл рәсімді пайдаланушылар үшін банкроттық салдары туындамайды. Егер жеке тұлғаның тұрақты табысы болса онда 5 жылға дейін мерзімде қарызды қайтару үшін сот тәртібі негізінде бөліп төлеу жоспары жасалады. Төлем қабілетін қалпына келтіру процедурасы аясында азамат банкрот атанбаған соң ол үшін ешқандай кедергі туындамайды.

Қазіргі уақытта ел тұрғындарының несие берешегі 14 трлн теңгеден асып кеткен. Оның 8 триллионы – тұтынушылық несие. NPL90+ көлемі бүкіл несие порфтелінің 6 пайызын құрайды (Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі стрестік активтерді азайту мақсатында арнайы заң жобасын әзірледі).

Қаржы министрлігінің хабарлауынша, жеке тұлғадан өтініш келіп түскен соң, министрлік мемлекеттік органдардан және банктерден ақпарат сұратады. Егер жеке тұлға барлық талапқа сай келсе, онда банкроттық бойынша жұмыс басталады. Банкроттықты әдейі пайдаланбақ болған немесе кірісін жасырған, түрлі қитұрқы амалдарға барған азаматтар жауапқа тартылады. Бұл ретте банкроттық жеке тұлғаның өзіндік бастамасы болғандықтан, мұны банктер немесе басқа ұйымдар немесе үшінші тұлғалар бастамашылық танытып, жүзеге асыра алмайды. Мұндайда қаржы алаяқтарының құрығына түсіп қалмау да өте маңызды.

Сондай-ақ оқыңыз