Алматыда заңсыз қару сатқандар ұсталды
Алматы қаласында заңсыз қару айналымы арнасының жолын кесуге бағытталған арнайы операция өтіп, заңсыз қару сатқандар ұсталды, деп хабарлайды Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің баспасөз қызметі.
Заңсыз айналымнан 12 бірлік қару (жетілдірілген тапаншалар, мылтық, заманауи жабдықталған қару), 2 мыңнан аса оқ-дәрі, сонымен қатар суық қарудың бірнеше түрі ( қымбат пышақтар, қанжар, қылыш, жүзі жасырылған қол таяқтар т.б.) алынды.
Бұл операция алдында ұзақ жедел зерделеу жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде оқ-дәрімен ататын және өзге де суық қару, сонымен қатар оқ-дәрінің сирек кездесетін түрлерін жеткізу мен сату жүйелері анықталып, құжатпен бекітілген.
Қаскөйлер құпиялық шараларын қатаң сақтап, қару өткізудің әдеттен тыс әдістерін пайдалану арқылы қылмыстық ұйымның жұмысын әшкерелеуді қиындатқан.
Қару-жарақтың негізгі бөлігі жақын шет елдерден қалыптасқан құпия арналар арқылы жеткізіліп тұрғаны анықталды.
Айта кетейік, 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде 2960 бірлік қару ұрланған. Былтыр 10 айда полиция қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 934 қаруды тәркілеген.