Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бизнесінде бәсекелес аз – Амантай Айдарханұлы

Жарияланды
Амантай Айдарханұлы. Фото: автордікі

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері қоқыс өңдеу бизнесін тұрақты кәсіп көзіне айналдырып, тұрмыстық қалдыққа екінші өмір сыйлап жүр. Амантай Айдарханұлы жеке кәсіппен айналысқанға дейін 13 жұмыс орнын ауыстырған. Дегенмен, қоршаған ортаның тазалығына үлес қосу жанына жақын миссия болғандықтан, осы бизнес түрін бастаған. Амантайдың айтуынша, бұл істе бәсеке аз.

Амантай Айдарханұлы тұрмыстық қалдық өңдеу саласында бизнес ашуға не түрткі болды?

– Басты мақсат – ол қоршаған ортаға аз да болса өз үлесімді қосу. Әрине бұл жерде қаржыны да айтпай кетуге болмайды, пайда жағы да өте жақсы. Бала кезімде әкем бай болғың келсе, адамдарға керек емес дүниені жина деп жиі айтатын. Сондай-ақ, мен Жапонияда ең бай адам қоқыс өңдеуші екенін естіген едім. Сол кезде неге мен де солай әрекеттеніп бай болуға тырыспаймын деп ойландым.

– Тұрмыстық қалдықты өңдеу үшін оны алдымен сұрыптау керек. Адамдар қоқыс тастау мәдениетін біле ме?

Шынын айтсақ, адамдар күнделікті тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жәшігіне салмас бұрын ешкім «мұның бәрі қайда кетеді» деп бір сәт болса да ойланбайды. Тамақ қалдықтарын, жуындыны, қағаздар мен тағы басқа қалдықтарды бірге салып, тастай береді. Мысалы, бізде Сарыағаш ауданында көптеген жылыжай бар. Ол жерде бұрын пайдаланылған ескі қапшықтар өте көп. Тіпті бүкіл округте қоқыс қалдықтар шашылып жатыр. Міне, сол үшін біздің кәсіпорынның қоршаған ортаға тигізер пайдасы өте көп. Біз бұл қолданылған  пластик бөтелкелерді, полиэтилен пакеттер мен  тағы басқа тұрмыстық қалдықты өңдеп, кәдеге жаратамыз.

– Күніне қанша тонна тұрмыстық қалдықғын өңдейсіз? Ол қоқыстарды қайдан жинайсыз?

– Күнделікті 2 тонна полиэтелен қалдығын қайта өңдеп, шикізат түрінде шығарамыз. Мысалы,  пластик бөтелкенің бір келісін – 80 теңгеге, ал пакеттердің келісін – 200 теңгеге сатып аламыз. Біз көше тазалап, қоқыс шығарумен айналыспаймыз, қоқыс полигонында да жұмыс істемейміз. Бізде арнайы қалдық қабылдайтын орын бар, онда біз халықтан сұрыпталған қалдықты сатып аламыз. Сондай-ақ, бастапқы кезде тұрмыстық қалдықтардан бөлек макулатура қабылдап жүрдік, бірақ қазіргі таңда бұл тиімсіз екендігіне көзіміз жетті.

– Қалдықтан нақты не өндіресіз? Кәсіпорындағы күнделікті жұмыс барысы неден басталады?

Күніне 2000 дана жәшік жасалады. Жүздеген дана қоқыс қапшық шығарамыз. Қоқыс сұрыптауға жұмысшы жалдаймын. Қазіргі таңда цехта 5-6 адам жұмыс істейді. Ал жұмыс көп болған кезде қосымша адам жалдап отырамын. Жұмыс процесін айтып кетсем, тұрмыстық қалдықтарды арнайы сұрыптап, станоктарға салып, оны жуып, 300 градус температурада балқытып, шикізат яғни, гранула дайындаймыз. Осы шикізаттан үш түрлі дүние өңдіреміз: қоқыс шығаратын қапшық, жәшік және құрылысқа қажетті құбыр бар.

– Кәсіпті бастау үшін қанша инвестиция салдыңыз?

– Бұл кәсіпті бастау маған оңайға соқпады. Қоқыс сұрыптап, өңдеу үшін арнайы станоктар қажет. Ол станоктар арзан тұрмайды. Цех өзімдікі болғанымен, жәшік шығаратын станоктарға 60 миллион теңге жұмсадым. Сол қаржыны қарызға алдым. Әлі күнге дейін толық өтеген жоқпын.

– Құпия болмаса айлық кірісіңіз қанша?

– Айына 5-6 млн теңге табыс табамын. Оның ішінде жұмысшылардың айлығы, су мен электр жарығы бар.

– Дәл осы кәсіпті бастағысы келетін жандарға қандай кеңес бересіз?

– Бастысы – ізденіс. Алға қарай дамып, әрекет жасау қажет. Барлық істе мақсат қойып, сол мақсатқа жету үшін талмай еңбек еткен абзал. Бұл өз қызығы мен шышығы бар кәсіп. Білмегенді сұрауға ұялмаңыз. Барлық іс тек қателіктер мен тәжірибиеден келетіні анық.

– «Кәсіпкер – ең алдымен тәуекелшіл адам» деп жатады. Жалпы сіз осы қағидамен келісесіз бе?

– Мен тәуекелге бел буатын жандардың қатарынанмын. Қолымда қомақты қаражат болса бір іске тәуекел деп құя саламын. Бірақ, алдымен барлығын ой жетегінен өткізіп аламын. Бұл кәсіпті алға жылжыту үшін күнделікті даму қажет.

–  Болашаққа жоспарыңыз қандай?

– Кішігірім цехты үлкен зауытқа айналдырсам деген жоспарым бар.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз