Елдар Құдайбергенов: подкаст жаңа клиенттер табуға көмектеседі

Жарияланды (жаңартылды )

Қазақстандық белгілі подкастер Елдар Құдайбергеновтың айтуынша, кәсіби мамандар әлі де болса подкастиң технологиясының не екенін түсінген жоқ және өздерінің желідегі видео әңгіме, талқыларын «подкаст жанры» деп атауға құштар. Маман медиа нарықтағы подкастиң технологиясының маңызы және оның қажеттілігі туралы айтып, отандық подкаст тенденциясының алғышарттарын әңгімеледі.

Подкастер Елдар Құдайбергенов.

Қарапайым қолданушылар және медиа саласының мамандары подкасттың қажеттілігін, маңыздылығын қаншалықты түсінді?

– Аса көп емес, бірақ сұраныс артып келеді. Қазір менің жетекшілігіммен газет журналисі өзінің подкаст жобасын дайындап жатыр. Бірақ міне подкастты қолға алдық деп түбегейлі іске кіріскен бірде бір БАҚ жоқ Қазақстанда. Оның бірінші себебі – журналистердің көбі подкаст тыңдамайды, оның қандай құрал екенін біле бермейді. Екіншіден, Қазақстандағы подкаст нарық өте кішкентай. Сондықтан бірталай БАҚ әлі күтіп отыр.

Жаңалық порталдарына «неге подкаст бөлімін ашып, жұмыс бастамайсыздар?» дегенімде жетекшілерінің бірі «Біз подкаст бөлімін ашып, жұмыс бастау үшін ол жерге адамдар алуымыз керек. Ал подкастиң әлі ақша әкелмейді» деп шынын айтты. Жалпы, подкастиң деорталықтандырылған технология болғандықтан мұнда бәрі басқаша жұмыс істейді. Сондықтан журналистер әлі подкастиңді құрал ретінде көре алмай отыр. Меніңше, белгілі бір кәсіпті атқарып жүрген мамандар подкастпен белсенді айналысқаны жөн. Себебі, подкаст – осыған дейін жиналған клиенттермен қарым-қатынасты нығайтуға, сонымен бірге жаңа клиенттер табуға көмектеседі. Әлемдік подкастиңде мынадай бір керемет корреляция байқадым – сөйлесетін радио станциясы (talk radio) бар елдерде подкастиң нарығы да жақсы дамыған. Қазақстандағы радионың жайы белгілі. Көбіне әуен мен жарнамадан тұрады. Радионы жаңалық тыңдау, ақпарат алу мақсатында тұтыну азайған. Радионы ақпарат көзі ретінде пайдалану, тыңдау дағдысы, радио тыңдау мәдениеті азайғандықтан бізде подкаст нарығы да өте әлсіз дамып жатыр.

– YouTube-те екіден көп адам жиналып жасалатын ой-талқылардың бәріне подкаст деген айдар тағылатын болды. Ал сіз подкаст тек RSS арқылы таратылғанда ғана подкаст деп айтып жүрсіз. Әлгіндей «видео подкаст» жасап жүрген азаматтар, өзге де журналистер соның ара жігін ажырата алды ма?

– Егер YouTube-тегі әңгімені подкаст деп жүрген адамға барып барлығын тарқатып түсіндірсең, кейбіреуі түсінеді, кейбіреуі түсінбейді. Түсіне тұра істемейтіндері бар. Мұны мен шығарған жоқпын, подкаст туралы терең зерттеу жүргізген соң барып түсініп, айта бастадым. Подкастты ойлап тауып, жасаған адамдармен желі арқылы сөйлесіп, 2000 жылдары жазған блогтарын, посттарын тауып алып, танысқаннан кейін барып осындай қорытындыға келдім. YouTube-тегі әңгімені подкаст деп жүрген мамандар оның ар жағында технологиялық нәрсе жатқанын білмейтін сияқты. Өйткені біздің қоғам қазір орталықтандырған интернетке үйреніп кеткен.
Ал подкаст ерекшелігі, ол – деорталықтандырылған, яғни белгілі бір нүктесі жоқ, кез келген жерден қабылдана береді. YouTube, Instagram, Facebook желілері – орталықтандырылған платформалар. Подкастты бір нүктеден саласың, бірақ адамдар оны түрлі жолмен тұтынады. Мәселенің бәрі соңғы 7-8 жылда қолданыстан шығып қалған RSS-ке байланысты. Осының бәрін адамдарға түсіндірсең түсінеді, бірақ ішінде бір шектеулері бар. Мысалы, YouTube-те «подкаст» жасап жүрген адам өз өнімін подкаст деп түсінсе, демек ол шын мәнінде подкаст тыңдамайды деген сөз. Түсіндіргеннен кейін мен айтқан шарттарды сақтап, RSS арқылы подкаст жасауға көшкен адамдар да бар.

– Подкаст жасау үшін адамға қандай сапа және нендей техникалық мүмкіндік керек?

– Подкаст бастап кету үшін смартфоныңыздағы диктофонның өзі ақ жеткілікті. Жазылған аудио файлдың редактурасын жасау үшін ноутбук немесе компьютер қажет болады. Одан кейін подкаст хостингке тіркеліп, жариялайсыз. Ол подкаст хостинг сізге RSS жасап береді. Міне, осы процедураның бәрін істегеннен кейін сізді подкастер деп атауға болады. Бәрінен бұрын адамның айта алатын бірнәрсесі болуы керек. Ол – белгілі бір тақырып, мәселе, басынан өткерген оқиға деген сияқты.

Подкасттың Қазақстандағы келешегін қалай көресіз?

– 20 жыл бұрын пайда болған подкастиң технологиясы ұдайы өсіп келе жатыр. Статистика бойынша, подкастиц құрамы және саны тұрақты түрде 5-6 пайызға өсіп отырады екен. Қазақстанда да бәлкім солай болар, бәлкім болмас, оны нақты айта алмаймыз. Қазіргі басты міндетім – подкастиңнің маңыздылығын түсіндіру, ол үшін түрлі кездесулер, құрылтайлар, сабақтар өткізу, сөйтіп оны құнды бағыт екенін ұғындыра түсу. Бірінші кезекте подкастерлер арасында консенсус, иә, бұл технология деген подкастерлердің өзара шешімі керек. Әзірге біз ондай шешім қабылдайтындай отырыс жасай алмадық. Бірақ сол нәрсе бізге қажет болып тұр. Мен осы мақсат жолында жұмыс істеп жүрмін.

Әр маманның, әр профессор мен оқытушының, әр журналистің жеке подкасты болса деймін. Президент неліктен подкаст жүргізбеске? Мұндай тәжірибе шет елдерде болған. Президент көп нәрсені біледі, қаншама шешімдер қабылдайды, сол туралы айтып отырса жақсы. АҚШ-та президенттер радиода өздерінің бағдарламасын жүргізетін болған. Оның ішінде балаларға және жалпы аудиторияға да арналған контенттер бар. Дей тұра, подкасттың біздегі келешегі жайлы кесіп айта алмаймын. Өз басым Қазақстанда оның болашағы үшін күресімді жалғастырамын. Түсіндіру жұмыстарымды тоқтатпаймын. «Қаңтар үні» сияқты көтеретін мәселесі өте ауқымды, бірақ өзі шағын подкасттарды жасай беремін. Келесі подкастымды 9 мамырға таяу шығарсам деп отырмын. 25 наурыз күні Қазақстан подкастерлерінің құрылтайы болатынын айтып өткім келеді. Шараға шетелдік және отандық мамандар қатысады.

– Рақмет!

Сондай-ақ оқыңыз