Жаңалықтар

1 наурызда қауіп-қатерді ескертетін дабыл құрылғылары тексеруден өтеді

Фото; ғаламтор желісінен алынды

Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні шеңберінде 2023 жылғы 1 наурызда сағат 9.00-ден 12.00-ге дейін азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесіне республикалық тексеру жүргізу жоспарланған. Бұл туралы ҚР ТЖМ Ақпараттандыру, цифрландыру және байланыс департаменті хабарлады.

«Құлақтандыру жүйесін тексеру барысында электр сиреналарын және сиреналық-сөйлеу құрылғыларын (дауыс зорайтқыштарды) қысқа мерзімге қосу, сондай-ақ теледидар және радиоарналарының эфирін ұстап алуды жүзеге асыру, интернет-ресурстар мен мобильді қосымшаларда ақпаратты орналастыру көзделеді» делінген хабарламада.

«Баршаның назарына!!!» дыбыстық сигналы – бұл қауіп төнген немесе төтенше жағдай туындаған кезде барлық шұғыл хабарламалар беру алдында халық назарын аудару мақсатында берілетін ескерту.

«Дыбыстық сигналды естіген кезде теледидарлар мен радиоқабылдағыштарды қосу керек, Интернет-ресурстардағы және мобильді қосымшалардағы ақпаратты туындаған жағдайда одан әрі әрекет ету туралы нұсқаулар алу үшін оқып шығу керек» делінген хаюбарламада.

ТЖМ сонымен қатар, қауіпті өндірістік объектілер мен гидротехникалық құрылыстардағы жергілікті құлақтандыру жүйелерінің жарамдылығы тексерілетінін ескертеді.

«Төтенше жағдайлар туралы халықты құлақтандыру және хабардар ету тұрғындарды табиғи құбылыстардың әртүрлі факторларының әсерінен болатын апаттың немесе жойқын әсердің теріс салдарынан қорғауға мүмкіндік беретін негізгі қауіпсіздік шарасы» делінген ақпаратта.

ТЖМ мәліметінше, құлақтандыру жүйесіне республикалық тексеру жүргізу құлақтандыру жабдығын әзірлікте ұстауға және халықты ықтимал төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған.