Төтенше жағдайлар министрлігінің «СТӘЭ» ЖШС сейсмикалық стансалар желісі таңға жуық 3 жер сілкінісін тіркеді. Біріншісі Алматы уақытымен 03:42-де сезілсе, екіншісі 05:58-де, үшіншісі 08:14-те тіркелген. Бұл туралы Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясының (СЭТК) сайтында хабарланды.
«Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 279 шақырым жерде Қырғызстан аумағында орналасқан. Энергетикалық класы – 12,2, магнитудасы – 5,9 балл. Қабылдау мүмкіндігі туралы ақпарат шамамен екі баллды құрайды», – делінген хабарламада таңғы 03:42-де болған жер сілкінісі туралы.
Екінші жер сілкінісі Алматыдан 278 шақырым жерде сағат 05:58-де Қырғызстан мен Қытай шекарасында тіркелген. Ал үшінші – 08:14, оңтүстік астанадан 276 шақырым жерде екі мемлекеттің шекарасында болды.
Айта кетейік, 23 ақпан Тәжікстан мен Қытай шекарасында болған жер сілкісінісі Алматы мен Шымкент қалаларында 2-3 балл болып сезілген еді.
6 ақпанда Түркия мен Сирияда болған жер сілкінісі 50 мыңнан астам адамның өмірін қиды.
Бұл апаттың зардабы 2011 жылы Жапонияда болған жер сілкінісінен де асып түсті. Ол кезде 20 мыңға жуық адам қайтыс болып, тағы 2,5 мыңға жуық адам із-түзсіз жоғалған.