Өңірлердегі халықтың 31-61 пайызының айлығы шайлығына жетпейді. Қазақстан аймақтарындағы теңсіздікті зерттеу аясында 2022 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесі шығарылды. Бұл зерттеуді ЭЗИ мамандары Қазақстан Үкіметі мен Азия даму банкі арасындағы білім және тәжірибе алмасу бірлескен бағдарламасы аясында жүргізген.
Экономикалық зерттеулер институты мамандары бүкіл өңірді аралап, 140 қала мен ауылдың 4 мың тұрғыны арасында сауалнама жүргізді
Сауалнамада:
- демографиялық мәселелер;
- жеке әл-ауқат көрсеткіштері;
- материалдық жағдайлар;
- өмір сапасы;
- әлеуметтік байланыстар және жұмыс-өмір тепе-теңдігі;
- Денсаулық және білім;
- қоршаған орта және табиғи капитал;
- жеке қауіпсіздік мәселелеріне қатысты сұрақтар болған.
Зерттеу нәтижесі бойынша, респонденттердің отбасының материалдық жағдайына көңілі аса толмайтыны анықталған.10 балдық жүйе бойынша 5,85 баллға тең бағалапты.
Қала тұрғындары өз қаржылық жағдайын ауылдарға (5,80 балл) қарағанда сәл-пәл жоғары (5,89 балл) бағалайды екен.
Облыстарың арасында жағдайымыз жақсы дейтін халық Шымкент қаласында тұрады. Олар ең жоғары балды иеленген.
Ал Қарағанды (5,47 балл), Павлодар (5,44 балл), Қызылорда (5,42 балл), Жамбыл (5,27 балл) облыстары тұрғындарының тұрғындары тұрмысы нашар екенін айтқан.
Бұл жерде халықтың материалдық жағдайына қатысты ақпараттар ерекше назар аударуды қажет етеді. Осылайша, өңірлердегі респонденттердің 38,1%-дан 61,6%-ға дейінгісі «айлығымыз шайлығымызға жетпейді» деп мәлімдеген.
Респонденттердің инфрақұрылымды бағалауы инфрақұрылымның сапасы орташа екенін байқатады.Бұл ретте көптеген көрсеткіштер ауылдарға қарағанда қалада жоғары. Электр қуаты, жылу және сумен қатамасыз ету мәселелері біршама шешілген. Олар республика бойынша 4 баллдан 3,21 балл жинаған.
Ал кәріз жүйесіне қатысты жағдай жақсы емес. Ауылдарда кәріз жүйесі атымен жоқ.
Өңірлерде көлік пен жол сапасы өте төмен бағаланып, бар-жоғы 2,54 және 2,38 бал жинаған. Зерттеу нәтижесі аймақтық әл-ауқат индексін әзірлеуге қолданылады. Бұл көрсеткіштерден Қазақстан өңірлеріндегі теңсіздік ауқымы, әл-ауқат деңгейі туралы толық мәлімет алуға мүмкіндік береді.