Атом қуаты халықаралық агенттігі Қазақстанның АЭС салуға дайындығын тексеруде

Жарияланды

Атом қуаты халықаралық агенттігінің мамандары Қазақстанға келіп, еліміздің атом-энергетикалық инфрақұрылымына инспекция бастап кетті, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

«2023 жылғы 27 ақпанда АЭХА өкілдері мен сыртқы халықаралық сарапшылардың қатысуымен Қазақстанның ядролық-энергетикалық инфрақұрылымын дамытудың кешенді есебін жетілдіруге жәрдемдесу үшін сарапшылар миссиясы басталды.Миссия шеңберінде Қазақстанның ядролық-энергетикалық инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде бірінші АЭС салу жөніндегі мәселелердің кең спектрін қамту жоспарлануда. АЭХА миссиясы 2023 жылдың 3 наурызына дейін жалғасады», делінген хабарламада.

Бұл миссияның мақсаты – халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасу арқылы Қазақстанға кешенді есепті әзірлеуге қолдау көрсету. Миссияға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, ҚР Ұлттық ядролық орталығы; Ядролық физика институты, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы, «KEGOC» АҚ электр желілерін басқару жөніндегі ұлттық операторы және Ғылыми- ядролық технологиялар қауіпсіздігі техникалық орталығының өкілдері қатысады.

Бұған дейін Энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі жоспар бойынша Қазақстанда 2,4 ГВт атом қуаты салынатынын хабарлаған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында  Қазақстанда  АЭС салынатын жер анықталғанын айтып өтті.

2022 жылдың маусым айында Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясының Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынатынын жария етті. 

Қыркүйекте «Самұрық-Қазына» АҚ АЭС салуды ірі 16 инвестициялық жоба қатарына енгізіп, Қазақстандағы АЭС құрылысы 2032 жылы аяқталуға тиіс деп мәлімдеген болатын.

Жыл басында министр Болат Ақшолақов Қазақстанда салынатын АЭС-қа реакторлық технология биыл таңдалатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз