Банкроттық туралы заң: оң және теріс әсері
3-наурыздан бастап елімізде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң күшіне енеді. Осы күннен бастап өз қарызын өтей алмай жүрген отандастарымыз өздерін банкрот деп жариялауға өтінім бере бастайды.
Аталған заң қарызға батқан қазақстандықтардың қаржылық тығырықтан шығуына қаншалықты әсере ете алады?
Жыл басында өткен үкімет отырысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова: «2022 жылдың 11 айында банктердің жеке тұлғаларға берген кредиттері 13,9 трлн теңгеге жетіп, қарыз алушылардың жалпы саны 6 млн 868 мың адамды құрады. Оның ішінде 90 күннен астам мерзімі өткен кредиттердің үлесі 5,6% немесе 461 млрд теңге. Елімізде 90 күннен астам кешіктірілген қарыз алушылардың саны 536 мың адамды құрап отыр», деді.
Осылайша, Агенттік басшысы олардың саны күн сайын қарқынды өсуіне алаңдаушылық білдірген еді. Мәселен, осы санаттағы несие мерзімін кешіктірушілер саны 2022 жылдың 11 айында өткен жылға қарағанда 121 мың адамға ұлғайғандығын айтты.
Көптеген сарапшылар отандастарымыз өздерін тақырға отырдым деп заңдастырмас бұрын, жаңа заңда көрсетілген барлық талаптарды дұрыс түсініп алғаны жөн дегенді алға тартады.
Белгілі экономист-сарапшы Сапарбай Жұбаев аталған заң негізінен жеке азаматта үшін шығарылғаны мен оның оң әсерінен бөлек кейбір зиянды тұстары да бар дейді.
Оның сөзінше, банкроттық туралы заң жеке азаматтарға арналған. Сарапшы, аталған заңның оң әсері туралы, банк немесе шағын несие ұйымдары алдындағы берешек борышын өтей алмай жүрген азаматтарымыз қарыздарынан құтылатынын баса айтты.
«Ал, кейбір жағымсыз тұстары туралы мынаны айтуға болады. Мәселен сот шешімі арқылы өзін банкротпын деп жариялаған адам алдағы бес жылға дейін ешқандай қаржы ұйымнан несие рәсімдей алмайды. Одан бөлек ол азамат жеті жылға дейін өзін екінші рет банкроттыққа өтінім беруден шектеледі. Оған қоса үш жылға дейін барлық қаржылық әрекеттері тиісті орындардың бақылауында болады. Оның әсері ары қарай жеке бизнестерін жүргізуге айтарлықтай кедергі келтіреді. Азамататырымыз өзі банкротпын деп жариялауға әрекерт етес бұрын осы жақтарын нақтылап түсініп алуы керек деп санаймын»,-дейді сарапшы Сапарбай Досжанұлы.
Осы жерде еліміздің Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов банкроттықты «черная метка», яғни «қара дақ» деп айтқан белгілі. Ол ел азаматтарын өздерін «банкрот» деп жариялауда асықпауға шақырған болатын. Оның пікірінше азаматтарымыз бірден банкроттыққа асықпай керісінше мейлінше төлем қабілетін қалпына келтіруді ойлағаны жөн деген ескерту айтқан еді.
Осы орайда дәл осы шектеулерге қатысты Finprom.kz сарапшылары ақпанның басында төмендегідей талдау ұсынған еді.
«Мәселе, ол азаматтың алдағы уақытта қарыз ала алмауында емес, бірақ бұл да айтарлықтай ауыр шектеу. Банкрот деп жарияланған азаматтың іс-әрекетінен үш жыл бойына тұрақты негізде жалған банкроттық сипаттары тексеріліп, анықталатын болады. Бұл дегеніміз – банкрот деп жарияланған азамат сатып алған кез келген актив жіті бақылауға алынып, банкрот адам қаражатты қайдан алды деген сұрақ туындайды деген сөз (қарыз беруші де бірден хабардар етіледі). Мәселе кез келген банктік шотқа, жалпы, қандай да бір қаржылық қадамға қатысты екенін түсіну керек. Ал бүгін біздің барлық өміріміз төлем карталары мен интернет-банкингке байлаулы», – дейді Finprom.kz сарапшылары.
Аталған агенттікктің сараптауынша осы заңды қолданған азаматтарымыз жоғарыда көрсетілген жағдайдан да бөлек, қиындықтарға душар болады. Мәселен, белгілі мерзімге дейін шет елге шығуға шектеу қойылуымен қатар виза алу кезінде де жайсыз жағдайлармен бетпе-бет келеді дейді.
«Банкроттық үшін сотқа жүгінген азамат банкроттық процедурасы жүріп жатқан тұста сот шешімі шыққанға дейін жарты жыл бойы елден шығуына болмайды. Сонымен қатар виза алатын азамат өзінің төлем қабілетін растайтын құжат қажет деген талап бар. Мысалы шенген визасын алғысы келген адамның есепшотында күніне 65 еуро деңгейінде қаржысы болуы керек. Ал тақырға отырдым деген адамда мұндай құжат қайдан болсын? Оның сыртында қаржылық мониторинг тағы бар», – деп ескертеді Finprom.kz сарапшылары.
Екінші бір мәселе, еліміздегі жоғарыда айтқан 90 күннен астам кешіктірілген қарыз алушы 536 мың адамның қаншасы осы заңды пайдалану мүмкін. Отандастарымыз жоғарыда айтқан Қаржы вице-министрінің ескертуін назарға ала ма?
Бұл мәселеге де сарапшы Сапарбай Жұбаевтың өз пікірі бар. Оның ойынша қарыз қамытын киген азаматтардың барлығы бірдей бұл қадамға бара қоймайды. Тіпті, аз бөлігі ғана осындай шешім қабылдауы мүмкін дегенді айтады.
«Осы заңның жоғарыда айтқан кейбір теріс әсерлерін халық дұрыс түсінген соң, бұл заңды қолдануға сонша азаматтардың барлығы бірдей ара береді деп ойламаймын. Мәселен, осыдан екі-үш жыл Ресейде осындай заң енген кезде елде 1 млн.-дай адам банкрот болады деп болжанған. Нәтижесінде, бүгінгі күнге дейін ол елде өзін банкротпын деп жариялаған азаматтардың саны бар болғаны 19 мыңды құрап отыр», – дейді экономист сарапшы.
Оның айтуынша аталған заң жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен кейбір жекелеген шағын қаржы ұйымдарының несие беру саясатындағы бей-берекетсіздікті реттеуге септігі тиеді.
«Меніңше, бұл заңнан халық та, үкімет те, қаржы ұйымдары да бірдей ұтылады деп ойлаймын. Дегенмен соңғы уақытта кез-келген адамға онлайн түрде несие бере беретін шағын несие ұйымдары көбейді. Олар сәйкесінше көптеген азаматтарға несие беріп тастады. Ертең ол азаматтар өздерін банкрот деп жариялаған соң ол берешекті ешкім қайтармайды. Сонымен қатар үкімет те қайтарып бермейді. Осыдан кейін аталған шағын несие бергіш ұйымдар арасында бір тәртіп пен талап орнайтын шығар деп үміттенемін», дейді экономист Сапарбай Жұбаев.