Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісіктен 13 мың адам қайтыс болады

Жарияланды

Қазақстанда жыл сайын 37 мың адамнан онкологиялық ауру анықталады. Кейінгі 20 жылда өлім-жітім деңгейі 33%-ға төмендегеніне қарамастан, қатерлі ісік жыл сайын 13 мыңнан аса адамның өмірін жалмайды.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы мәселе қаралып, елімізде онкологиялық көмек көрсетуді күшейту жоспарланып отыр.

Онкологиялық аурулармен ауыратын науқастардың жартысынан көбі еңбекке жарамды жастар.

«Мұндай көрсеткіштердің басты себебі – ауруды кеш анықтау. Сізде ең жаңа жабдықтар мен дәрі-дәрмектер, заманауи ауруханалар болуы мүмкін, бірақ ауруды ерте сатысында анықтай алатын жоғары білікті мамандар қажет. Сондай-ақ үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізу қажет», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Оның айтуынша, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында анықтау деңгейі төмен және өлім-жітім деңгейінің өте жоғары екені анықталып отыр.

Қазіргі кезде скрининг бағдарламаларымен қамтылған азаматтардың үлесі 20%-дан аз болып отыр. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне профилактикалық тексеру, әсіресе онкологиялық аурулардың мақсатты топтары мен бағдарламаларын кеңейту тапсырылды.

«Адамдарды өз денсаулығына мұқият болуға, үнемі тиісті тексерулерден өтуге сендіру керек. Ол үшін денсаулық сақтау және ақпарат министрліктері әкімдіктермен бірлесіп кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізуі керек», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз