ҚазМұнайГаз өндірістік нәтижелерін жариялады

Жарияланды
Фото:azh.kz

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2022 жылдың өндірістік нәтижелерін жариялады. Бұл туралы ҚазМұнайГаз баспасөз қызметі хабарлады.

«2022 жыл Компания үшін жағымды әрі елеулі оқиғаларға толы болды. ҚМГ көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап тасымалдау мен өңдеуге дейінгі барлық бизнес бағыттары бойынша өндірістік көрсеткіштердің оң динамикасына қол жеткізе алды.

Компания өз акцияларының бастапқы жария ұсынысын табысты жүзеге асырды. Бұл KASE және AIX қазақстандық қор биржаларындағы ең ірі IPO болды. 2022 жылғы 8 желтоқсанда биржаларда ҚМГ акцияларының қайталама сауда-саттығы басталды. Қор биржаларындағы листинг Компанияның корпоративтік дамуының жаңа кезеңіне жол ашты.

«Самұрық-Қазына» АҚ-тан 3,8 млрд АҚШ долларына бағаланған Қашаған жобасындағы 8,44% үлесін сатып алу маңызды стратегиялық оқиғалардың бірі болды. Бұл – ҚМГ-нің соңғы жылдардағы ең ірі мәмілесі. Қашаған жобасындағы үлесін 16,88%-ға ұлғайту нәтижесінде ұлттық компанияның шоғырландырған мұнай өндіру мен EBITDA, таза пайда көрсеткіштері жақсаратын болады«, деді ҚМГ Басқарма Төрағасы Мағзұм Маратұлы Мырзағалиев.

2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылдың басты өндірістік көрсеткіштері:

Мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 1,7%-ға артып, 22 012 мың тоннаға жетті;

Мұнай тасымалдау көлемі 0,1%-ға ұлғайып, 74 658 мың тонна болды;

Қазақстандық және румындық мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын (КСШ) өңдеу көлемі 5,7%-ға артып, 19 900 мың тоннаға жетті.

Мұнай тасымалдау

Мұнайды магистраль және теңіз арқылы тасымалдаудың жалпы көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 0,1 %-ға, яғни 74 658 мың тоннаға дейін ұлғайды.

Көмірсутек шикізатын сату

ҚМГ өндірген мұнай мен газ конденсатын сату көлемі 2,1%-ға ұлғайып, 22 126 мың тоннаға жетті, оның 62,0%-ы экспортқа шығарылды.

Компания өндірген мұнай мен газ конденсатын ішкі нарыққа жеткізу көлемі 8 415 мың тоннаны құрады, оның ішінде операциялық активтердің (Өзенмұнайгаз, Ембімұнайгаз, Қазақтүрікмұнай және Өріктау Оперейтинг) өңдеу және сату үшін Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ), Шымкент мұнай өңдеу зауытына (ПҚОП) және Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ) жеткізілген 4 907 мың тонна шикі мұнайы бар.

Қазақстандық және румындық зауыттарда мұнай өнімдерін өндіру көлемі 6,8%-ға өсіп, 18 639 мың тоннаға жетті:

Қазақстандық МӨЗ 13 218 мың тонна мұнай өнімдерін өндірді, бұл 2021 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда негізінен ПҚОП өндірген көлемнің есебінен 4,1%-ға артық. Ал АМӨЗ-дегі мұнай өнімдерін өндіру көрсеткіші 2022 жылдың қазан айындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарының себебінен 4,5%-ға төмен болды;

KMG International (Петромидия, Вега) зауыттары 5 512 мың тонна мұнай өнімдерін өндірді, бұл 2021 жылдың көрсеткіштерінен 14,1%-ға жоғары. Көрсеткіштер Румыниядағы Петромидия зауытында өңдеу көлемінің өсуіне байланысты артты.

Сондай-ақ оқыңыз