Санкт-Петербургтің әуе кеңістігі жабылды
Ресейдің Санкт-Петербург қаласы мен Ленинград облысының әуе кеңістігі жабылды. Бұған Flightradar24 сервисінің дерегі дәлел.
Санкт-Петербург билігінің мәліметінше, «Пулково әуежайында рейс сағат 12;00-ге дейін (Астана уақытымен 15:00-ге дейін) кешіктірілді. Әуежай қызметі қалыпты жұмыс істеп тұр». Кешігу себебі түсіндірілмеген.
Ал Baza Telegram арнасы бұл аймақта «Кілем» жоспары енгізілгенін жазады. Ол біреу-міреу шекараны заңсыз кесіп өткенде, сондай-ақ әуе кеңістігінде белгісіз нысан пайда болған кезде енгізіледі. Сигнал барлық әуе кемесі дереу қонып, болмаса аймақтан кетуі керек дегенді білдіреді.
Астана мен Алматы әуежайы сайттарында Санкт-Петербургке ұшатын рейстер әзірге кешікпеген.
Ресейде 22 ақпан күні таңертең бірнеше коммерциялық радиостанциялардың эфирінде «әуе шабуылы» сигналы берілген. Кейін Ресей Федерациясының Төтенше жағдайлар министрлігі кейбір аймақтарындағы бірқатар коммерциялық радиостанциялар серверіне жасалған хакерлік шабуыл салдарынан Ресейдің бірнеше қаласында зымырандық соққы қаупі туралы ақпарат естілгенін хабарлады.
24 ақпан күні Ресейдің Украинаға басып кіргеніне 1 жыл толды. 2022 жылы Ресей Украинаға қарсы соғыс ашып, бауырлас ел құрамындағы бүлікшіл ДХР мен ЛХР-ды тәуелсіз мемлекет деп таныған болатын.