Қазақстанда өзін-өзі жүмыспен қамтығандар қатары 2,1 миллонға жуық. Олардың басым бөлігінің табысы аз. Айына миллион теңгеден астам табыс табатындар саны 6 мың ғана, деп жазады ranking.kz.
Миллионер кәсіпкерлерің қатары өңірлерде біркелкі емес. Табысы 1 млн теңгеден өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың 89%-ы алматылықтар (5,3 мың адам) екен. Тағы 9 пайызы, яғни 541 адам Астана қаласы мен Ақмола облысында тұрады. Маңғыстау және Ұлытау өңірлерінде 2 пайызы қоныстанған. Басқа өңірлерде миллиондаған табысы бар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жоқ.
Неге қатары азайды?
ҚР Ұлттық статистика бюросының мамандары 2022 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табысын есептеу шкаласын өсірді. Қазір ауқатты кәсіпкерлер мен тәуелсіз жұмысшылар санатына ену үшін 2021 жылғыдай 500 мың теңге емес, 1 млн теңге табыс табуы керек.
Ұлттық статистика бюросының мамандары 2,1 млн-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жеке кәсіпкерлерді; АҚ, әр түрлі жеке серіктестіктер құрылтайшылары, қатысушыларын; өндірістік кооперативтердің мүшелерін; жеке практикамен айналысатындар мен жеке шаруашылық ұстап өнімін сататындарды жатқызады.
Жалпы, Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табысы мәз емес. Осы санаттағылардың 24,8%-ы (528,9 мың адам) былтыр IV тоқсанда айына 60-100 мың теңег аралығында табыс тапқан. Тағы 358,9 мың азамат ең төменгі жалақыдан да төмен табыс тапқан: 37,4 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін. Жарты миллионға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табысы 100 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін болды. Осылайша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында медианалық табыстан (204 мың теңге) айтарлықтай төмен жалақы алатын жұмысшылар басым: 81,4% немесе 1,7 млн азамат.
Табысы 500 мың теңгеден асатын кәсіпкерлердің үлесі аз: бар болғаны 1% немесе 22,3 мың адам. Олардың тең жартысы жалақысы 500 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейін (10,3 мың адам). 2022 жылдың қазан-желтоқсан айларында өзін-өзі жұмыспен қамтыған 6 мыңға жуық қазақстандық айына 800 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін алса, осыншама адам миллионер болып есептелді. 2022 жылдың бірінші тоқсанында табысы 1 млн теңгеден көп өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бірнеше есе азайды.
Осы санаттағы азаматтардың 95,1%-ы қала тұрғындары (5,7 мың адам) болса, 293 адам (4,9%) ауылда кәсіппен айналысып, 1 млн теңге табысқа қол жеткізген.
Миллионерлердің жартысына жуығы сауда саласында жұмыс істейді (44,8%). Табысы 1 млн теңгеден көп өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 21%-дан астамы жылжымайтын мүлік саласындағы бизнес иелері немесе тәуелсіз сарапшылар болды. Құрылыс саласы үшінші орында (13,3%). Ауыл, орман және балық шаруашылығы (1,2%) саласындағылардың қатары аз.
Швейцариялық Credit Suisse (CS) банкінің әлем елдеріндегі әл-ауқат деңгейі туралы Global Wealth Report 2022 аналитикалық есебінің деректеріне сүйенсек, 2021 жылдың соңына қарай Қазақстандағы долларлық миллионерлердің үлесі республиканың ересек тұрғындарының 0,3%-ын құрады. Нақтыласақ, 36,9 мың адам. 2020 жылмен салыстырғанда мұндай деңгейдегі қазақстандықтардың саны 50,9% өскен. Пандемияның бірінші жылында байлығын миллиондаған АҚШ долларымен өлшейтін байлар, дереккөзге сүйенсек, елде 24,5 мың адам болған.
Бұған дейін ҰСБ еліміздегі орташа жалақы 338 мың теңгені құрайтынын хабарлаған еді.