Louis Vuitton қазақстандық студент ұсынған дизайнмен сөмке шығармақ
ЕҰУ магистранты Айнұр Полатова ұлттық ойындарды насихаттап, «Talapai» бірегей жобасын сәтті жүзеге асыруда. Биыл нәзік жан Парижде қазақ нақышы бар сөмкенің ерекше дизайнын таныстыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Осы жылдың сәуір айында Айнұр Louis Vuitton өкілдерімен кездесуді жоспарлап отыр. Оның киіз үй тәрізді сөмке жасау туралы ұсынысын әлемдегі әйгілі брендтердің бірі қолдап, дизайнды талқылауға Парижге шақырды.
«Жарнамадан Louis Vuitton біздің киіз үйге ұқсас дүкен ашқанын көріп қалдым. Бұл мені қызықтырды және мен оларға киіз үй тәрізді сөмке жасау туралы ұсыныс хат жаздым. Мен қазір ұлттық ойындарды дамыту үшін «Talapai» жобасын жүзеге асырып жатқанымды айттым, оның сыртқы қоржын түріндегі қорабы біздің ата-бабаларымыздың көшпелі үйіне ұқсайды. Мен бұл дизайнды өзім жасаймын және Louis Vuitton үшін негізгі идея оған негізделген. Екі аптадан кейін компания менің ұсынысыма қызығушылық білдіріп, өздерінің жауап хатында идеяны одан әрі талқылау үшін Парижге шақырды», – дейді магистрант.
Айта кету керек, Айнұр Полатова кәсіби дизайнер ретінде білім алмаған. Биыл ол Германияда, Гете атындағы Франкфурт университетінде ЕҰУ академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білімін шыңдайды.
Айнұр Полатова Еуразия ұлттық университетінде қазақ филологиясының магистратурасында оқиды. Ол ұлттық ойындар арқылы қазақтың төл мәдениетін кеңінен дәріптеуді ұйғарған. 2022 жылы магистрант «Talapai» стартап идесын құрып, ЕҰУ бизнес-инкубаторындағы байқауда ақшалай сыйлық ұтып алды.