Мұнай-газ саласында 800-ге жуық артық талапты қысқарту жоспарлануда – Смайылов

Жарияланды
Мұнай-газ химиясы саласын дамытуға басымдық беріліп отыр. Фото: kursiv.media

Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі мұнай-газ секторын шикізаттық бағыттан дайын өнім шығаруға бағыттау дамып келеді. 2022 жылы қуаттылығы 500 мың тонна полипропилен өндіретін ірі мұнай-химия зауыты іске қосылса, қазіргі кезде $12 млрд инвестиция сомасына полиэтилен, бутадиен және полиэтилентерефталат өндіретін тағы төрт ірі жоба іске асырылып отыр.

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кәсіпкерлер кеңесі отырысында айтылды. Жиында мұнай-газ саласын дамытудың өзекті мәселелері мен жоспарлары талқыланған.

Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі үш жарым еседен аса, яғни жылына 25 млн тоннадан 90 млн тоннаға дейін өскен.

ОПЕК деректері бойынша, Қазақстан ТОП-10 мұнай экспорттаушының қатарына кіреді.

Геологиялық барлауға қосымша инвестициялар тарту үшін көмірсутектерді, оның ішінде газды барлау және өндіру жөніндегі күрделі жобалар үшін реттеушілік және фискалдық преференциялар пакетін көздейтін Жақсартылған модельдік келісімшарт енгізілген.

2023 жылы инвестиция көлемі 6 млрд$ болатын келісімшартқа қол қойылды. Инвестициялық құны шамамен 2 млрд$ құрайтын тағы бір келісімшартқа қол қою пысықталып жатыр.

Бұдан басқа, салада электрондық аукциондар өткізуді оңайлату жөнінде шаралар қабылданды. Биыл кен орындарын жылдам қолданысқа беру үшін жер қойнауын пайдалану саласындағы рәсімдерді жеңілдету жұмыстары жалғасады.

Премьер-Министр мұнай-газ саласының қарқынды дамуы бүкіл экономика үшін маңызды үдеріс екенін атап өтті. Осыған байланысты ол қосымша инвестициялар тарту үшін Жақсартылған модельдік келісімшартты қолдануды жеделдету және бизнеске әкімшілік қысымды төмендету бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін жеткізді.

«Жақын арада мұнай-газ саласы бойынша 800-ге жуық түрлі артық талаптарды қысқарту жоспарланып отыр. Бұл шаралар бизнес-қоғамдастықпен және «Атамекен» Ұлттық палатасымен тығыз байланыста қабылданып жатыр», деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ оқыңыз