Президент Алғыс айту күнінде ауызбіршілікке шақырды

Жарияланды
праздник
Тоқаев қазақстандықтарды құттықтады. Фото: Kursiv.media мұрағаты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады.

«Бұл мерекеде ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптеледі. Алғыс айту күні қиын-қыстау замандарда да мейірімділік пен жанашырлық таныта білген әрі бірлігін бекем еткен халқымыздың ізгі қасиеттерін жадымызда жаңғыртады», деді Тоқаев.

Президент сонымен қатар, бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер және еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңінде әрбір азаматтың ел болашағы үшін жауапкершілік танытуы және өзара қолдау көрсетуі аса маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінгі мейрамда адал еңбегі, жасампаздығы мен отаншылдығы үшін барша халқымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз еліміздің ауызбіршілігін сақтай білсек, кез келген қиындықты еңсереміз. Әділетті Қазақстанды құрып, елімізді одан әрі өркендете береміз деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!», делінген құттықтауда.

1 наурыз елімізде Алғыс айту күні ретінде атап өтіледі. 2016 жылы 14 қаңтарда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1 наурыз – Алғыс айту күні деп жарияланғаны туралы жарлыққа қол қойды.

Сондай-ақ оқыңыз