2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда шетелдік туристерден міндетті жарна — bed tax енгізілген еді. Былтыр ол алынбады, ал 2023 жылдың басынан еліміздің 30-дан астам қалалары мен аудандарында 1-5 пайыз аралығында бекітілген еді. Енді ол жарна пайызбен емес, АЕК-ке сай есептелмек. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында bed tax 0,5 АЕК болса, қалған өңірлерде 0,2 АЕК-ті құрайды.
Бүндай шешім ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Атамекен» ҰКП өкілдері, кәсіпкерлер мен қонақ үй бизнесі өкілдерімен кездесуі қорытындысында шығарылған.
«Бизнес өкілдері қолданыстағы тәртіпке өзгерістер енгізу бойынша көптеген тартымды ұсыныстар берді. Біз кәсіпкерлерді тыңдап, жарнаны есептеудің жаңа қағидатын қоса алғанда бірқатар түзетулер әзірледік», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбековтың айтуынша, қаулы мен заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу біраз уақыт қажет.
«Нормативтік-құқықтық актілерді қабылдаудың қолданыстағы рәсімдерін ескере отырып, Ұлттық палатамен келісе отырып, біз ҚР Үкіметінің қаулысына өзгерістер енгізу мәселесін бірінші кезекте пысықтаймыз, ол 1-1,5 айға созылады, бұдан әрі жыл соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін пысықтаймыз», – деп Дастан Рыспеков атап өтті.
Бұған дейін туризм саласындағы кәсіпкерлер туристерге салық салу елімізге саяхаттайтындардың қатарын азайтады деп мәлімдеген болатын.