Әзірбайжан-Қазақстан: екі ел арасында фито-санитарлық бақылау күшейеді

Жарияланды
Шкарадағы бақылау күшейеді. Фото: www.shutterstock.com

Сенат депаутаттары Қазақстан мен Әзірбайжан елдері арасында Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификацилау мәселесін талқыланып, арнайы заң қабылдады.  

Жалпы, Қазақстан мен Әзірбайжан арасында тауар алмасу 2022 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында 461,9 млн долларын құраған. Тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 39%-ға артқан. Солайша Қазақстаннан Әзірбайжанға экспорт 375,3 млн долларды құрап, 30%-ға артса, ол елден келетін импорт 86,6 млн долларға жетіп, рекордтық 95%-ға өскен. Ал 2022 жылы бұл елге өсімдік шаруашылығы өнімдері экспортының жалпы көлемі шамамен 295 мың тоннаны құраған. Оның негізгі көлемі дәнді-дақылдар тұрады. Өз кезегінде Әзірбайжан Республикасынан Қазақстан аумағына жылына  шамамен 15 мың тоннаға жуық жеміс, көкөніс өнімдері кіреді екен.  Ал Әзірбайжаннан негізінен алмұрт, анар, жүзім және жаңғақтардың әр түрі импортталады. Бұл екі ел арасындағы арасындағы сауда балансының жақсарғанын көрсетеді. Осы орайда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де көтеріліп, өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификацилау қолға алынды.

«Қазақстан 2010 жылдан бастап өсімдіктер карантині және оны қорғау жөніндегі конвенцияның мүшесі. Қазақстан Республикасы қабылдаған міндеттемелерге сәйкес фитосанитариялық шаралар бойынша халықаралық стандарттардың сақталуын және қолдаунылуын көздейді. Осы талаптарды сақтау екі ел аумағында қалыпты фитосанитариялық жағдайды қатамасыз етеді. Сондай-ақ орны ауыстырылатын карантинге жатқызылған өнім көлемінің үлкен екенін ескерсек, екі ел аумағының фитосанитариялық жай-күйіне теріс әсер ететін карантиндік объектілердің ену қаупі бар. Өсімдіктер карантині жөніндегі ұлттық қызметтердің бірлескен іс-шаралары мен өзара іс-қимылы орны ауыстырылатын өнімге қажетті фитосанитариялық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және Қазақстанның экспорттық әлеуетіне оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек.

Келісімді ратификациялау бойынша заң жобасында мынадай мәселелер қамтылған:

  • Карантинге жатқызылған өнімнің орнын ауыстыру кезінде екі елдің саламатты фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында одан әрі ынтымақтастықты арттыру;
  • Өсімдіктер карантині саласындағы жаңа нормативтік актілер және карантиндік зиянды организмдердің ұлттық тізбелері туралы ақпаратпен алмасу;
  • Екі ел аумағының фитосанитариялық жай-күйі туралы өзара хабардар ету;
  • Зерттеу және диагностикалық тәжірибесімен алмасу бөлігінде өсімдіктер карантині жөніндегі ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру;

Жиында Әзірбайжан үкіметімен ақпарат алмасу тек қағаз жүзінде, дипломатиялық арналар арқылы жүргізілетнін ескерген депутаттар екі ел арасындағы тауар айналымын дұрыс бақылап отыру үшін цифрлы ақпарат жүйесіне қосылу мәселесін көтерді. «Жалпы, болашақта ақпаратты цифрлық арнаға көшіру жоспарда бар. Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде біз қолданып жүрген ақпараттық жүйеміз бар. Соны Ресейдің «Аргус-фито» атты ақпараттық жүйесімен интегрциялау жобасы талқыланып жатыр. Болашақта ТМД елдеріне ортақ ақпараттық жүйесіне интеграциялау мәселесін де талқылап жатырмыз. Сол елдердің ішінде осы Әзірбайжан да бар» деді вице-министр.

Қазіргі таңда елге келетін өнімдер Ақтау теңіз сауда айлағында фито санитарлық бақылаудан өтеді. Ол портқа үшінші елдердің транзиттік тауарлары да келеді. Осы орайда үшінші елдерге өтетін транзиттік  өнімдерден келетін қауіпті де ескеру қажеттігі айтылды. «Егер де, транзиттік карантиндік объектілер немесе жүктер елеміз арқылы өтетін болса, олардың бірінші кезекте халықаралық конвенциялар шеңберінде қабылданған фито-санитариялық сертификаты тексеріледі. Одан кейін ғана инспекторлардың бақылауымен келесі мемлекетке өтіп кетуі қадағаланады. Яғни біздің елде ол тауарларды түсіруге мүмкіндік жоқ.  Рұқсат етілмейді. Бұл сала толық бақылауда. Жалпы, еліміз 12 мемлекетпен келісімге қол қойған. Бұл келісімдердің барлығы халықаралық өсімдіктерді қорғау және карантин жөнінде конвенция талаптарына сай келеді. Сол конвенция шеңберінен шықпайды» деді министрлік өкілі.  

Аграрлық мәселелер, Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Сұлтан Дүйсенбинов:

«Қазіргі таңда фито-санитариялық бақылау бекеттеріне интернет қолжетімді болмауына байланысты сертификаттарды бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе базасымен салыстыру жүргізілмейді. Бұл өз кезегінде жалған сертификаттар арқылы шекараны кесіп өтуге жағдай жасап отыр. Сондай-ақ бақылау бекеттерінің тиісті заманауи зертханалармен  және басқа материалдық техникалық қажеттілктермен қамтамсыз ету, бақылау посттарындағы қызметкерлердің жеткіліксіздігі, инспекторлардың жалақысын көтеру мәслесі де өзекті. Шекарадан өтетін әрбір тауардың тексерілуін және зиянды жәндіктер мен ауру таратушы зиянкестердің елімізге кіріп кетуіне жол бермеу, елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды іс-шаралар кешенін талап етеді. Осы мақсаттағы жұмыстарды алдағы уақытта оңтайлы шешу қажеттілігі туындап отыр. Тұтастай алғанда, бұл заң тасымалданатын өнімге қажетті фито-санитариялық бақылауды қамтамасыз етуге, өсімдіктер карантині жөніндегі ұлттық қызметкерлердің бірлескен іс-шараларына және өзара іс-қимылына бағытталған. Сондай-ақ Қазақстанның экспорт-импорт әлеуетіне оң әсерін тигізеді», дейді.

Сондай-ақ оқыңыз