Қазіргі таңда кәсіп жасауға ешбір шектеу жоқ. Атап айтқанда, заманға ағаштан түйін түйіп, ұлттық нақыштағы астаулар жасау кейінгі кезде қызықты кәсіптің біріне айналды. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері қазақтың ата кәсібін терең меңгеріп, кәдімгі ағаштан тамаша дүниелер жасап жүрген Жантұрсын Берікбайұлы. Кәсіпкердің айтуынша, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар сынып-бүлінбейді. Әрі суға төзімді келеді. Жантұрсын салт-дәстүрі мен рухани мұрамызды қайта жаңғыртып, қоғамның бүгінгі дамуымен байланыстырудың маңызды екендігін алға тартады.
– Жеке кәсіпті ашуыңызға не түрткі болды?
– Бұл кәсіпте бәсеке аз, маржасы көп. Негізі бұл мен бастаған екінші кәсіп. Бастапқы кезде жиһаз жасау бизнесін қолға алған болатынмын. Бірақ елімізде логистика жағы жақсы дамымағандықтан бұл бизнесті тоқтаттым. Ал ағаштан астау жасау бизнесін бастағаныма екі жылдай уақыт болды. Менің басты мақсатым – халыққа сапалы әрі бағасы қонымды, ұлттық ою-өрнектермен безендірілген ыдыс-аяқтарды ұсыну еді. Ол ыдыс-аяқтар ақ қайың ағашынан ойылып жасалады.
– Шикізатты қайдан аласыз? Астауды жасауға қажетті ағаштар елімізден табыла ма?
– Негізінен ағашты көршіміз Ресейден тапсырыс беріп алдыртамын. Сондай-ақ, еліміз бойынша Көкшетаудан да ақ қайың ағаштарын сатып аламын. Астаудың сапалы болып шығуы ағашқа байланысты. Біз денсаулыққа зиян келтіретін бояуларды мүлдем пайдаланбаймыз. Бір сөзбен айтқанда біздің өндіретініміз таза табиғи өнім.
– Цех қай қалада орналасқан? Станоктың бағасы қанша? Жалпы ағаштан жасалған өнімдер қанша жылға шыдас береді?
– Өңдіріс орны Талдықорған қаласында орналасқан. Көп ұзамай Алматы қаласынан да цех ашу жоспарда бар. Цехта арнайы ағашпен жұмыс істейтін алты станок бар. Әр станоктың бағасы – 1,5 млн теңге. Астау жасауға қажетті ағаштарды ең алдымен арнайы бөлмеде кептіреміз. Бұл міндетті түрде. Егер де ағашты дұрыс кептірмейтін болсақ, онда ол майысып кетеді. Кепкен ақ қайың ағаштарын станоктарға салып, кесіп одан әртүрлі формадағы ыдыстарды шығарамыз. Әр ыдысқа үш жыл көлемінде кепілдік беремін.
– Қазіргі уақытта қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?
– Цехта 15-ке жуық адам жұмыс істейді. Ал жұмысшылардың жасаған құнды дүниелерін сатумен айналысатын 20 адам қызмет етеді. Сату бөлімі Алматы қаласында орналасқан. Жалпы 35 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын.
– Құпия болмаса, бір айда орташа есеппен қанша астауға тапсырыс түседі?
– Бір күнде – 100-ге жуық тапсырыс аламын. Олардың басым бөлігі көптен сатып алушылар. Бір айда 3000 дана астауды жасап шығырамыз. Тапсырыс түссе, өңдірісті арттыра береміз.
– Айлық табысыңыздың көлемін білуге бола ма?
– Айлық табысым орташа есеппен – 4 млн теңге көлемінде. Ал бір айдағы тауар айналымы – 20 миллион теңгені құрайды. Негізі бір астаудың таза құны – 14 мың теңге. Ал нарықтағы бағасы 30 – 35 мың.
– Астаудан бөлек тағы қандай дүниелерді шығарасыздар?
– Астаудың өзін төрт түрлі пішінде жасап шығарамыз. Астаудан бөлек қосымша ыдыс-аяқтың көптеген түрі бар. Оның ішінде – ожау, қымыз құятын кесе, тостаған. Сонымен қатар, қазіргі кезде домбыра мен қобызды жасап шығаруды қолға алдық.
– Сіз шығаратын ыдыстардың ерекшелігі неде?
– Ағаштан жасалған ыдыстар адам денсаулығына пайдасын тигізіп қана қоймайды, оның ішіндегі тағам да жақсы сақталады. Осы қасиетін ата-бабаларымыз ертеден білген. Таза ақ қайың ағашының ерекшелігі – денсаулыққа пайдалы, жағымсыз иісі жоқ, ең бастысы суға төзімді болып келеді.
– Кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз? Осы саламен айналысатындар не нәрсеге мән бергені дұрыс деп ойлайсыз?
– Кәсіп сізге көп табыс әкелу үшін дұрыс жарнама жасау маңызды. Көптеген кәсіпкерлер сату бөліміне мән бермей жатады. Бұл дұрыс емес. Жарнама арқылы табысыңызды бірнеше есе арттыра аласыз. Егерде нарыққа ұсынып отырған тауарыңызға дұрыс жарнама берілсе, бизнесіңіз алға жылжып, қалтаңыз бірнеше миллионға қампаяды.
Сұхбатыңызға рақмет.