Ақпан айында еуроаймақтағы инфляция 8,5% болды

Жарияланды
Еуропа елдеріндегі инфляция 8,5 пайыз болды. Фото: shutterstock.com

Ақпан айында еуроаймақтағы инфляция 8,5%-ға дейін баяулаған. Дегемен бұл болжамды көрсеткіштен біршама жоғары, деп хабарлайды Интерфакс агенттігі.

Еуропалық Одақ статистика басқармасының мәліметі бойынша, ақпан айында еуроаймақтағы тұтыну бағасы жылдық мәнде 8,5%-ды құрады.

Осылайша, инфляция қаңтардағы 8,6%-бен салыстырғанда аздап бәсеңдеген. Алайда Тrading Economics сауалнамасына қатысқан сарапшылардың консенсус болжамынан айтарлықтай жоғары болып шықты. Сарапшылар тұтынушылық баға өсімі 8,2% деңгейінде қалыптасады деп болжаған.

Еуроаймақтағы электр энергиясының бағасы ақпан айында қаңтардағы 18,9%-дан 13,7%-ға дейін төмендеп, ал азық-түлік, алкоголь және темекі бағасы 14,1%-дан 15%-ға дейін өскен.

Азық-түлік пен энергияны есепке алмағанда, тұтыну бағасы өткен айда жылдық мәнде рекордтық 5,6%-ға жеткен. Сарапшылар орташа алғанда индикатордың қаңтардағы өсу қарқыны сақталады деп болжаған.

Еуроаймақтағы тұтыну бағасы өткен айда қаңтар айымен салыстырғанда 0,8%-ға көтерілді.

Ал Қазақстанда ақпан айындағы жылдық инфляция деңгейі 21,3% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 26,2%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,5%, ақылы қызметтер 15% өсті,

Қаңтар айында ҰСБ азық-түлік тауарларының бағасы – 25,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 20,2%, ақылы қызметтер 14,2% қымбаттағанын мәлімдеген.

Ұлттық банк мәліметі бойынша, Қазақстан бойынша ең жоғары жылдық инфляция мәні Астана қаласы, Маңғыстау мен Ақмола облыстарында тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз