Алдағы 2-3 айда елімізге шетелден жеткізілетін тауарлардың бағасы арзандауы мүмкін. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.
Cенаттың жалпы отырысынан кейін Ерұлан Жамаубаев доллардың арзандап жатқанына байланысты тауар бағасындағы өзгерістер туралы сұраққа жауап берді.
Журналистер министрден «Былтыр Қазақстанда барлық азық-түлік пен тауар бағасы қымбаттады. Оны доллардың теңгеге шаққандағы бағасының өсуімен байланыстырды. Қазір доллар арзандап жатыр, елдегі баға төмендей ме?» деп сұрады.
Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, бірқатар тауардың бағасы арзандауы мүмкін.
«Арзандайды деп ойлаймын. Доллар бағамы өскен кезде импортталатын тауарлардың бағасы да өседі. Қазіргі жағдайға байланысты импортталатын тауар бағасы біртіндеп төмендейді деп ойлаймыз. Жалпы экономикадағы инфляция көрсеткіші төмендейді: қазір ол 20%-дан асты. 2-3 айдан кейін көрсеткіш төмендейді деген ойдамыз», – деді Ерұлан Жамаубаев.
Айтуынша, қазір нақтыланған бюджетте инфляция деңгейі 7,5-9,5% шегінде тұр.
«Сондықтан біз осы деңгейге назар аударамыз әрі жалпы бағаның төмендеуін күтеміз», – деп қорытындылады министр.