Алматы көлік прокуратурасымен бухгалтерлік материалдарды зерделеу барысында «ҚТЖ-Жүк тасымалы»-«Алматы жүк тасымал бөлімшесі» филиалы лауазымды тұлғасының аса ірі мөлшерде ақша қаражатын ұрлау фактісі анықталды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, «К» есімді лауазымды тұлға, филиал қызметкерлері емес адамдардың банктік шоттарына 82 млн.теңгеден астам соманы аударған.
«Көрсетілген ақшалай қаражатты қаскүнем өз қажеттіліктеріне жұмсаған» делінген ақпаратта.
Осы факт бойынша материалдар экономикалық тергеу органдарына процестік шешім қабалдау үшін жолданып, Қылмыстық Кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, аса iрi мөлшерде кiнәлiге сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу, бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
«Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 17.01.2023 жылғы үкімімен «К» лауазымды тұлғасы кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарға орналасуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып шартты түрде 7 жылға сотталды. Үкім заңды күшіне енді. Келтірілген материалдық залал толығымен өтелді», делінген ақпаратта.
Бұған дейін Бас көлік прокуратурасы құны 1 млрд теңге Ресейлік астықты Қазақстан арқылы Өзбекстан, Ауғанстан мен Тәжікстанға заңсыз экспорттағандар анықтап, «Қазақстан темір жолы » АҚ басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлаған еді.