Қазақстан мен Қытай өзара сауданы 2030 жылға қарай $35 миллиардқа жеткізбек

Жарияланды (жаңартылды )
кнр
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы артады. Фото: Shutterstock

2030 жылға қарай Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сауданы $35 млрд-қа дейін жеткізу үшін ел үкіметі белсенді түрде жұмыс істеуге дайын. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяомен кездесуі барысында мәлімдеді.

Тараптар сауда-саттық, инвестициялар тарту, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, цифрлық технологиялар, трансшекаралық өзендерді пайдалану және т. б. салалардағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылаған.

Премьер-Министр Қазақстанның жалпы тауар айналымының 18%-ын құрайтын Қытай еліміздің ірі сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ҚХР мемлекетіміздің экономикасына инвестиция салатын ТОП-5 елдің қатарына кіреді.

«Біздің елдеріміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу саласында айтарлықтай әлеуеті бар. Қазақстандық кәсіпорындар Қытайға азық-түлік тауарларының экспортын одан әрі арттырғасы келеді. Осыған байланысты сауда-саттыққа қатысты кедергілер мен шектеулерді әрі қарай алып тастау маңызды болып отыр», — деді Премьер-Министр.

Өз кезегінде Чжан Сяо қытайлық тараптың Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға, теміржол тасымалы көлемін ұлғайтуға, IT-сектордағы өңіраралық өзара іс-қимыл мен әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

Кездесу барысында тараптар «Қорғас» ШЫХО-ның жұмысын қалпына келтіру, «Бақты-Покиту» автомобиль өткізу бекеті ауданында үшінші темір жол өткелін ашу, Транскаспий халықаралық ірі автомобиль жолдарын салу және машина жасау саласында жаңа өндірістерді құру мәселелерін қозғады.

2022 жыдың он айында Қытайдың Қазақстанмен шекарасында жүк тасымалдау көлемі 12%-ке өскен болатын. Достық – Алашаңқай және Алтынкөл – Қорғас темір жол өткелдері арқылы 19,4 млн тонна жүк тасымалданды. ҚХР-дан транзит 16%-ке, қазақстандық тауарлардың экспорты 12%-ке өсті.

Сондай-ақ оқыңыз