ИИДМ даму министрі Марат Қарабаев қытайлық China Nonferrous Metals Mining (Group) Co., Ltd. металлургиялық компаниясының бас директорының орынбасары Лю Юй-мен кездесті. Тараптар Қазақстанда мыс балқыту зауыты жобасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл туралы ведомстваның баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік таратқан мәліметке сәйкес, бұл инвестициялық жобаны Қазақстан тарапынан «Қазақмыс корпорациясы» және «KAZ Minerals» компаниялары жүзеге асырады. Жоба бойынша зауыт жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіреді.
«Жоба инвестицияларды тартып қана қоймай, ұзақ мерзімді кезеңге бірнеше жүздеген жұмыс орындарын құруды көздейді» делінген хабарламада.
Марат Қарабаев кездесуде бұл қытайлық компания бұған дейін бірнеше жобаны табысты жүзеге асырғанын атап өтті. Олардың қатарында Қазақстандық электролиз зауыты, Ақтоғай және Бозшакөл жобалары бар.
«Қазақстанды инвестиция құю және өндірістік қуаттарды кеңейту үшін таңдағаныңызға алғыс айтқым келеді. Біз өңдеу өнеркәсібінің заманауи және технологиялық өндірістерін іске асыру үшін инвестициялар тартуға мүдделіміз. Өз тарапымыздан жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде қолдау көрсетуге дайынбыз»,- деді ҚР ИИДМ басшысы.
China Nonferrous Metals Mining (Group) Co., Ltd. компаниясының бас директорының орынбасары Лю Юй Қазақстан-Қытай компаниялары бірлесе жүзеге асыру жоспарланып отырған жаңа жоба тараптардың байланысын нығайта түсетіндігіне сенім білдірген.