Тұрғын үй нарығында баға қашан тұрақталады?

Жарияланды
Фото: shutterstock.com

Тұрғын үй нарығындағы бағаның тұрақталуы көпшілікті жиі мазалайтын сұрақ. Оған себеп те жоқ емес. Айталық, Біріккен Ұлттар ұйымының халықаралық талаптары бойынша  елдегі әр тұрғынға шаққанда кемінде 30 шаршы метрлік баспанасы болуы керек. Ұлттық статистика бюросы  берген берген мәліметке сүйенсек елімізде бұл көрсеткіш тұрғын басына  23 шаршы метрден аспайды екен. Бұл, баспана тапшылығы толыққанды шешімін тапқан жоқ деген сөз.

Мәселен, өткен жылы жоспар бойынша  елімізде 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы керек болған. Алайда,  2022 жылдың аяғында  нәтиже 15,1 млн шаршы метр болған.  Аталған төмен көрсеткіштің себебін сарапшылар мен құрылысшылар,   импорттық құрылыс материалдарының күрт қымбаттауынан деп түсіндірген болатын.  

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылдың қараша айында  жалпы саны 33 797 қазақстандық  тұрғын үй сатып алу-сату мәмілесін  жасасқан. Бұл көрсетікш сол жылдың  қазан айымен салыстырғанда 1,6%-ға төмен болған.

Сонымен қатар 2022 жылы еліміздегі 20 аймақтың 11-інде транзакциялар саны да айтарлықта азайып кеткен. Өткен жылдың қортындысы бойынша баспан сатып алуға деген сұраныстың төмендеуі жағынан батыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. 2021-жылмен салыстырғанда  -22,8% деп тіркелді. Ал,  Астана қаласында біршама жоғары болған.   Нақтырақ айтқанда, 3,8%-ға жоғары.  Алматыда керісінше 0,9% төмендеген.

Бағаға келер болсақ, өткен жылы алдыңғы жылмен салстырғанда  жаңа тұрғын үйлер 17,3 пайызға,  қолданыстағы пәтерлер 26,9  пайызға  қымбаттаған.  Өңірлер бойынша жаңа жылжымайтын мүлік бағасы Ақтөбе, Семей және Ақтауда айтарлықтай өсті. Талдықорған, Ақтау, Семей, Ақтөбе мен Астанада қайталама нарықтағы үйлердің бағасы  40%-ға дейін көтерілген.

Өткен жылы елімізде шаршы метр бағасы орта есеппен  жаңа үйлерден сатып алу үшін  – 435 861 теңге, қайталама нарық  құны – 489 704 теңгені құраған.

Талай адамның бас ауруына айналған баспана тақырыбы елімізде биылғы жыл қалай болмақ? Бұл туралы сарапшылардың да пікірі әртүрлі.  Оның үстіне биыл біраз жылдан бері Тұрғын үй нарығында жұмыс істеп келе жатқан 7-20-25  бағдарламасына да біраз өзгерістер енді.

Экономист Асылбек Күздеубаевтың  аталған бағдарлама толыққанды жұмыс істеп тұрған кездің өзінде қарапайым халыққа тиіміз жақтары  болғанын алға тартады.  Оның сөзінше, биылғы жылдан бастап енгізілген бағдарлама бойынша берілетін пәтер сандарына белгілі бір шектеу қойылуы, сонымен қатар бұдан былай әрбір қарыз алушы бағдарламаға бір рет қана қатыса алуы,- деген сияқты өзгерістер онсыз да бір шаңыраққа зар болып жүрген біраз адамға айтарлықтай кері әсерін тигізеді.    

«Әрине 7-20- 25 бағдарламасы толыққанды жұмыс істеп тұрған кездің өзінде де халыққа тиімсіз бірнеше тұстары болған. Соның бірін мысал ретінде айта кетейін. Мәселен, тұрғын үй құрылысымен айналысатын көптеген комапниялар дәл осы бағдарламамен үй алғысы келген адамдарға тек ең жоғарғы немесе бірінші қабаттағы пәтерлерді ғана ұсынып келді. Негізінде ондай талап еш жерде жазылмаған. Бірақ, құрылыс компаниясы сізге басқа таңдау бермейді. Осындай көзге көріне бермейтін жазылмаған «ережелері» болды. Ол аздай жақында енгізілген өзгертулер баспанаға жете алмай жүрген біраз адамдарға айтарлықтай кедергі деп санаймын» дейді.

 Экономист бұл қадамның экономикалық себептеріне тоқталды:  біріншіден аталған бағдарламаға бөлінетін қаражат көлемінің біршама азаюымен байланысты. Осы күнге дейін аталған бағдарлама мемлекеттік субсидиямен жұмыс жасап келген. Бүгінгі күнге дейін  осы бағдарламаға альтернативті нұсқа да болған жоқ.

«Сол себепті де үкімет бір жағынан бұл бағдарламаны  амалсыздан  жалғастыруға мәжбүр болып отырған сияқты»,-дейді сарапшы. Асылбек Үсенұлы.   

Дегенмен ол, аталған бағдарлама елдегі баспана бағасына аз да болса оң әсерін тигізе алғанын да жоққа шығармайды. Оның сөзінше жаңа шарттар пәтер бағасына кері әсерін тигізбей қоймайды.  

«Дәл осы бағдарлама елдегі тұрғын үй нарығындағы бағаға аз да болса оң әсер ете алған еді. Ендігі жерде соңғы жағдайдағы өзгерістер пәтер бағасының біршама көтеріліп кетуіне де әкеп соқтыруы мүмкін. Тағы бір жағы бұл көлеңкелі табыс іздеушілерге жол ашады. Яғни, шектеулі болған соң, осындай сәтті пайдаланып, ауадан ақша жасаушылавр шыға бастайды. «Сізді ешқандай шектеулерсіз үй кезегіне қойып береміз, немесе алып береміз»,-дейтіндер кездеседі. Мұндай жағдай  4 пайыздық автонесие енгізілген кезде кездескенінен хабардармыз. Бұл барып онсыз да алғашқы жарнаға қажетті қаржыны зорға жинаған халықтың қалтасына түсетін ауырлық болады»,-дейді экономист.

 Оның айтуынша сәйкесінше елдегі тұрғын үйдің шаршы метрлік бағасы күн санап өскен үстіне өсе береді. Бағаның өсуіне жоғарыда айтып өткен 7-20-25 бағдарламасына қойылған шектеулер мен өзгерістер де өз үлесін айтарлықтай қосатын болады.  

 Тағы бір мәселе жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасына қатысты.  Соның бірі қауіпсіздік жағын ескеру. Бұл тақырып жақында  бауырлас Түркия еліндегі зілзаладан болған ауыр жағдайдан кейін өзекті бола түскендей.

Жақында ТЖМ қарасты сеймология инстиуты басшылары еліміздің біраз бөлігі сейсмикалық қауіпті аймаққа жататын айтқан болатын. Дәлірек айтқанда Шығыс Қазақстан мен Қызылорда облысына дейінгі аралықта  жерасты дүмпулері жеті-тоғыз баллға дейін жетуі мүмкін сейсмикалық қауіпті жерлер бар екені айтқан болатын.

 Осындай ақпарат пен Түркиядағы зілзала елдегі тұрғын үй бағасына қандай да бір әсері болуы мүмкін бе? Бұл сауалға жоғарыда пікір білдірген сарапшы Асылбек Күздеубаев жағдай үй бағасының төмендеуіне әкеле қоймайды деп санайтынын айтады. Бірақ, үй сатып алушының құрылыс компанияларына қояр бірқатар талаптары күшеюіне әсер етуі мүмкін дейді.

«Түркиядағы зілзаладан кейін өз еліміздегі осындай апатты аймақтар мәселен Алматы қаласының өзі 9-10 баллдық жағдайда тұр деген сияқты ақпараттар халықтың баспанаға деген сұранысын пәлендей төмендетеді деп ойламаймын. Дегенмен,осындай ашық ақпараттар құрылыс компаниясынан  жаңа үйлердің сейсмотұрақтылығы туралы қажетті құжаттарды талап етушілер санын біршама арттыруы мүмкін. Меніңше өте аз бөлігі ғана»,-деп түйіндеді сарапшы.

Айта кету керек, Қазақстанда түрғын үйді жалға беруден түскен кіріс бір жылда 320 миллиард теңгеге өскен.

Сондай-ақ оқыңыз