Астанада заңсыз салынған 76 тұрғын үйдің құрылысы тоқтатылды

Жарияланды
Заңсыз салынған үйлердің құрылысы тоқтатылды Фото: .kursiv.media

Астана қаласында рұқсат құжаттары жоқ 96 нысан құрылысы жүргізілген. Соның 20-сы үй салуға рұқсат құжаттарын кейіннен толықтырған. Арнайы жұмыс тобы заңсыз құрылыс фактілерін анықтап қоймай, рұқсат құжаттарын алуға көмек көрсетті деп хабарлайды Елорда әкімдігі.

Қазіргі уақытта рұқсат құжаттарынсыз құрылысы жүріп жатқан 76 нысан анықталды. Олардың қатарында: «Mars Project» ЖШС, «Aiz Kurylys» ЖШС, «Русалдинг Line» ЖШС, «Билдинг компани» ЖШС, «Expert Consulting Agency Kazakhstan» ЖШС, «Тауекел Инжиниринг» ЖШС, «Global Millennium» ЖШС, «Handan-Astana» ЖШС, «Oreol-Group» және т.б.

Рұқсат құжатсыз құрылыс жүргізетін субъектілердің бәріне жұмысын тоқтату туралы нұсқама беріліп, әрі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар сол жерге үй салуға рұқсаты жоқ 20 нысанды сүріп тастау туралы сотқа талап-арыз берілмек.

Көппәтерлі тұрғын үй рұқсат құжатсыз салынып жатқаны анықталса, ол өз бетінше бой көтерген құрылыс деп танылып, бұзылады.

Сондай-ақ, қалада «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңының талаптарын сақтау бойынша бірқатар түйткілді мәселе бар. Үлескерден ақша тартуға құқығы жоқ құрылыс компанияларының «қара тізімі» ресми сайттарды жарияланып тұрады.

Құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын мынадай жағдайларда ғана қабылдай алады:
1) тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу;
2) Екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу;
3) тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы салынғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту.

Сондай-ақ оқыңыз