Жаңалықтар

Креативті индустрия кәсіпкерлеріне арналған критерийлер әзірленеді

Креатив индустрияның бағыттары анықталады. Фото: kursiv.media

Креативті индустрияға жататын экономикалық қызмет түрлерінің тізбесін Мәдениет және спорт министрлігі 2023 жылдың бірінші тоқсанында бекітпек. Сондай-ақ осы санаттағы кәсіпкерлерге арналған критерийлерді әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл туралы министр Асхат Оралов Қазақстанның креативті индустриясын дамыту мәселелеріне арналған кездесуде айтты.

Тағы бір міндет – шығармашылық индустрияны қолдау қорын құру. Үшінші қадам – саланы дамыту үшін қажетті заңнамалық шаралардың тізімін жасау.

  «Елімізде талантты адамдар көп, әлеуетіміз өте жоғары және біз қажетті көмек көрсетуге дайынбыз. Бұл тек қолдау қорын құрумен ғана шектелмейді. Бізде бизнес-жоспар дайындауға, заңгерлік немесе қаржылық кеңес беруге көмектесетін мамандар бар. Қызықты идея болса біз мамандардың көмегін ұсынуға дайынбыз. Бұл кооперация. Әрине, ол үшін жүйелі түрде әрекет ету керек. Сондықтан ең маңызды 5 немесе 10 жобаны бірлесіп анықтап, жұмыс жүргізуді ұсынамын», деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.  

Жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Президент телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева қатысқан.

Спикерлер, оның ішінде шығармашылық сала өкілдері кино, музыка және басқа да креативті индустрия саласын дамыту шараларын талқылап, өз идеяларымен, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.