Жаңалықтар

Ресейлік арзан өнім қазақстандық ұнның экспортына кедергі келтіре ме?

Фото: kursiv.media

Ақпан айында қазақстандық ұнның экспорттық бағасы тоннасына 340 доллардан 310 долларға төмендеді. Бұл туралы Қазақстан астық өңдеушілер Одағының Президенті Әлихан Талғатбек мәлімдеді.

Өткен жылы бірінші сұрыпты ұн бағасы 2022 жылы тоннасына 370, ал маусым айында тіпті 500 долларға дейін жеткен. Бағаның арзандауы шикізат құнының төмендеуімен де байланысты болып отыр. Күзде бидай бағасы тоннасына 125 мың теңге болса, қазір ол 100 мың теңге. Сонымен қатар, Орта Азия нарығына Ресей ұны да қысым көрсетіп тұр. Қазақстан арқылы өткен жылы Орта Азияға Ресейден 310 мың тонна, 2021 жылы 170 мың тонна ұн тасымалданған.

Ресейлік өндірушілермен бәсекеге түсу үшін қазақстандық диірмендер ұн бағасын түсіруге мәжбүр болып отыр. Астық өңдеушілер одағының дерегінше 2023 жылдың қаңтар айында Қазақстан 137,2 мың тонна ұн экспорттаған. Бұл өткен жылғы осы кезеңдегі көрсеткіштен 19,4 мың тоннаға көп. Ауғанстан өткен жылға қарағанда 27,2 мың тоннаға көп, яғни 108,2 мың тонна ұн сатып алған. Өзбекстан өткен жылға қарағанда 2370 тоннаға аз, 24,3 мың тонна ұн алды. Ал, Түркіменстан қаңтар айында Қазақстаннан бар-жоғы 134 тонна ұн алған, өткен жылы осы кезеңде көрсеткіш 7129 тонна болған еді. Яғни, бұл ел ресейлік арзан өнімге қызығушылық танытып отыр деген сөз.

Ақпан айында қазақстандық ұн экспорты 150,5 мың тоннаға жеткен. Негізгі сатып алушы Ауғанстан болып отыр. Карантиндік шектеулер алынғаннан кейін Қытай экспорты да қайта жанданып келеді. 2022 жылы Қытайға ұн экспорты мүлде тоқтап қалса да, биыл қаңтар айында 1300, ақпан айында 2591 мың тонна ұн сатып алды.