Орталық сайлау комиссиясы саяси партиялардың сайлау қорындағы қаражат туралы ақпаратты жариялады. Оған сәйкес, қазақстандықтар Amanat, «Ауыл», ҚХП, «Ақ жол» партияларының сайлау қорына 696,4 млн тенге аударыпты. Ал, Respublica, «Байтақ» және ОСДП партиялары халықтан ақша алмапты. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы жариялаған ақпаратқа сілтеме жасай отырып, Курсив басылымы жазады.
ОСК саяси партиялардың сайлау қорларына құжаттың түсуі жəне жұмсалуы туралы есепті Халық банкі 13-26 ақпан аралығындағы деректер негізінде ұсыныпты.
Есепке сәйкес, қазақстандықтардан сайлау қорына ақша тарту бойынша бірінші орынды «Ақ жол» партиясы иеленіпті 251,9 млн теңге. Екінші орында Amanat партиясы, оған ел тұрғындары 219,4 млн теңге аударған. Қазақстан халық партиясың шотына тұрғындардан 221,9 млн теңге түсіпті. Ал, «Ауыл» партиясының сайлау шотына 3 млн теңге аударылған.
Ұйымдар тарапынан аударылған сома 723,6 млн теңге. Бұл көрсеткіш бойынша Amanat алда келеді, 470,3 млн теңге. Екінші орында «Ауыл» 246,3 млн теңге, «Ақ жол» партиясына компаниялар 7 млн теңге аударыпты.
Құжатта сайлау қорына партиялардың өздері қанша сома құйғаны да көрсетіліпті. Amanat 350 млн теңге, «Ауыл» 300 млн теңге, «Ақ жол» 228,5 млн теңге, ОСДП 200 млн теңгеге жуық, Respublica 144 млн теңге, ҚХП 100 млн теңге.
Осылайша, Amanat партиясының сайлау қорына 1 млрд теңгеден артық сома, «Ауыл» 549,3 млн теңге, «Ақ жол» — 487,4 млн теңге, ҚХП – 322 млн теңге, ОСДП — 200 млн теңгеге жуық, Respublica — 144 млн теңге түскен. ОСК келтірген есепке сәйкес, «Байтақ» партиясының сайлау қорына қаржы түспепті.
Елімізде Мәжіліс пен Мәслихаттар сайлауы 19 наурызға белгіленген. Оған саяси партиялар мен бір мандатты округтер бойынша кандидаттар ұсынылды. Үгіт-насихат науқаны 17 наурызға дейін жалғасады. 18 наурыз тыныштық күні.