Әлихан Смайылов Назарбаев Университеті қызметінің басымдықтарын атап өтті
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Назарбаев Университеті» ДББҰ Қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысын өткізді, онда ұйым қызметінің өткен жылғы қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары қаралды. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.
Кеңесте университеттің ғылыми қызметті кеңейтуді жалғастырып жатқаны, атап айтқанда, соңғы бірнеше жылда ғылыми-зерттеу жобаларының саны 146-дан 366-ға дейін өскені атап өтілді. Сонымен қатар ЖОО тақырыптық конференциялар мен кәсіби даму бағдарламалары арқылы республиканың басқа жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасу бойынша жұмыс жүргізеді.
Назарбаев Университетінің тағы бір ауқымды жобасы ондағы Медицина мектебінің Астана фармацевтикалық кластерін дамытуға қатысуы болып отыр, бұл Мемлекет басшысының дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нарығындағы отандық өндірушілердің үлесін ұлғайту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде іске асырылуда. Сонымен қатар UMC университеттік медициналық орталығының базасында бірқатар күрделі хирургиялық операциялар жүргізіліп келеді, олардың кейбіреулері Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылып отыр.
Үкімет басшысына инновацияларды дамыту және ғылымды өндіріске енгізу бөлігіндегі ЖОО қызметі туралы баяндалды. Мәселен, 2022 жылы университет ғалымдары патенттер, коммерцияландыруға халықаралық гранттар жеңіп алды. Мысалы, аутизмге қарсы күресте роботтарды пайдалану жобасы республиканың 22 оңалту орталығында жүзеге асырылды.
Премьер-Министр ЖОО-ға ғылыми-зерттеу қызметін, оны коммерцияландыруды одан әрі нығайту қажет екенін, сондықтан отандық қолданбалы әзірлемелер әртүрлі салаларда жиі қолданылатынын атап өтті.
«Жалпы, университеттің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының және ғылыми зерттеулерді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасының көрсеткіштерін зерделеп, қажет болған жағдайда өзектендіру қажет», – деді Әлихан Смайылов.
Отырыста студенттер мен ЖОО түлектерінің кейбір жетістіктері туралы баяндама ұсынылды. Атап айтқанда, синтетикалық биология бойынша жыл сайынғы iGEM дүниежүзілік конкурсында NU iGEM командасының жоғары нәтижелері, жетекші әлемдік журналдарда ғылыми мақалалар жариялау, сондай-ақ тәжірибе алмасуға және бүкіл Қазақстан бойынша жас зерттеушілер желісін құруға бағытталған «Университет көпірі» атты студенттік бастамасын іске асыру туралы сөз болды.
Сонымен қатар кеңеске қатысушылар бірқатар ұйымдастыру мәселелерін және инвестициялық-құрылыс жобаларын іске асыруды талқылады. Премьер-Министрге университеттің жасанды интеллект мектебі ретінде пайдаланылатын Алматы қаласындағы әкімшілік ғимаратын қайта құру жобасы, студенттік жатақханалардағы орындарды ұлғайту жоспарлары және басқа да бастамалар таныстырылды.
Отырысқа Ұлттық Банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов, Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, басқа да бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары, «Назарбаев Университеті» ДББҰ президенті Шигео Катсу және қамқоршылық кеңестің басқа да мүшелері қатысты.