Алматыдағы «Аврора» тәуелсіз музыкаға бөленді
Тәуелсіз музыка кеші 1 наурызда Аврора Space мәдени орталығында өтті. Кештің бағдарламасы шағын музыкалық фестиваль әсерін беретіндей ұйымдастырылды.
Кеш шымылдығын «Балхаш Снится» шығармасы ашты. Ол ақын Әнуар Дүсейбинов пен композитор Рүстем Мырзахметовтың шығармашылық одағынан туған, классикалық spoken word, кейде жанды гитарамен бояла нәзік этно-электроника әуенінде оқылған өлең. Бұл шығарма астарлай, тіпті бір кездері өлең мен музыканың ара-жігін әдейі білдірмей бейсауат әлемнен тікелей жеткендей, еркін ағыста бірімен бірі жарыса ойнайды. Сөз бен дыбыс жасырынбақ ойнап, мәңгі мән іздеп жүргендей әсер сыйлады.
Кештің басты қонағы түбі қазақ, швейцариялық әнші Саадет Түркөз. Түркөз қазақ және түрік халық әндерін сопылық музыкалық дәстүр мақамымен орындайды, бұл мақамды The Wire сараптамалық журналы jazz&improv тобына жатқызады. «Аврорада» ол әнді ешбір музыканың сүйемелдеуінсіз шырқады. Ол үшін ең қолайлысы да осы болуы мүмкін. Түркөзды 2004-2005 жж Мәскеуде ән салғанда электронды музыка оған кедергі келтіргендей көрініп еді. Мұнда оның дауысы ежелгі заманның сиқырындай естіліп, дала романсынан бастап бесік жырына дейін ұласты.
Оның әні кейде фольклор бағытында шырқайтын Чили әншісі Виолета Парра мен америкалық Диаманда Галас арасныдағы алтын ортамен пара-пар іспетті. Өйткені бұл музыка тыңдаудан гөрі жан дүниең төңкеріліп түскендей, айрықша күйге бөлену. Әсіресе көшпенді еркіндігі іспетті импровизация мен мызғымас дәстүрдің ұштаса шырқалуына ден қою, ерекше тартымды болды. Мирча Элиаде өзінің миф терориясы жөніндегі классикалық еңбектерінде де осыны меңзеген болатын: «Дәстүрлі схемалардың арасындағы байланыс пен олардың дара жаңашылдығын асыра бағалау өзгеріске түспей қоймайды: мықты діни тұлғаның ықпалымен дәстүрлі арқау өзгеріске ұшырайды».
Бұл кеш тіпті екі рет шарықтау шегіне жетті – Саадет Түркөздың сахнадағы шеберлігімен орнаған рухани кемелдіктен кейін, оған тең келер ешбір жан жоқтай көрінгенімен, Samrattama жастар тобы ол ойымыздың қате болғанын дәлелдеп берді.
Samrattama бір жағынан жаңа буын әуені болып естілгенімен, екінші жағынан дәстүрлі бағытпен де үндесетін музыканы ойнайды. Олар кеңестік кезеңнің аяғындағы тасқындаған эксцентриканы паш ететін альтернативті рок үлгісі мен (саксофоннан бастап, сахналық костюмге дейін соны байқатады) дәл сол секілді сексенінші жылдардың сөнбес поэзиясын қайта түлетті. Екінші жағынан, олар шапанынан қайта-қайта жаңа әуен тудыратын Британдық пост-панктың мәңгілік және бір сәттік әлеуетін паш етті.
Топ жетекшісі, Қостанайдың тумасы Самрат Иржасов, үш жыл бұрын «Хемингуэй в штанах» альбомымен дебют жасаған еді. Ол Алматыда кинорежиссер факультетін тәмамдап, театр сахнасында да және СЛОГ поэтикалық бірлестігінде де өнер көрсетті. Оның актер ретіндегі өнер жолы мен тартымды келбеті, америкалық актер және әнші Калеб Лэндри Джонс түсіретіндей әр түрлі (костюмдермен де) арт-бейнеклиптерге сұранып-ақ тұр. Алайда, клипі болмаса да бұл топтың айтарлықтай әлеуеті мен үлкен болашағы бар екені анық.
Концерттен кейін«qazaq indie» музыкалық бірлестігінің креатив продюсері Руслан Якупов бұл топ туралы былай деді: «Бұл біздің музыкалық сахнамыздың ғана емес, жалпы өнер сахнасының ең ерекше, шынайы жобаларының бірі. Сахнадағы әрбір өнері көрсетуі – ешбір қайталанбайтын толыққанды шеберлік. Автор жақында өз жанын жегідей жеген дүниелердің шырмауынан арылып, күрделі ізденіске, өзінің түп-тамыры, ана тілі мен мәдениетін зерттеуге көшті».
Кешті magic of Nomads аяқтады. Олар орындаған кереметтей этно-джаз әуен осы кештің барлық дыбыстық және вокалдық толқыныстары мен ізденістерінің тігісін жатқызып, барлығын бір музыкалық қозғалыстың тұтасқан сиқырлы формуласына айналдырды.