Жаңалықтар

Қазақстан мен Қытай жоғары білікті техникалық мамандарды бірлесіп дайындамақ

Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігі

Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің жәрдемдесуімен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Тяньцзинь кәсіби университеты арасында Қазақстанда «Лу Бань шеберханасын» құру мәселесі бойынша ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Тараптар озық Қытай технологиялары мен жабдықтарын пайдалана отырып, машина жасау саласындағы техникалық мамандарды бірлесіп даярлау жөніндегі бағдарламаны іс жүзінде іске асыруға уағдаласты. Келешекте электрокөліктер, ЗD-басып шығару, өндірісті автоматтандыру және т.б. сияқты салаларда ынтымақтастық бағыттарын кеңейту көзделген. 

«Лу Бань шеберханасы» жобасын іске асыру Қазақстанның кәсіби техникалық кадрлардағы қажеттілігін толықтыруға ықпал етеді. 

Бұл жоба 2022 жылғы Қазақстан мен Қытай мемлекеттер басшыларының уағдаластықтары шеңберінде іске асырылуда