Жаңалықтар

Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен іздеушілер ынтымағы бірікпек

Астанада Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен «Әскери-патриоттық және іздестіру қозғалысы қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Меморандум жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу ісіндегі күш-жігерді біріктіруге, бірлескен жобаларды іске асыруға, рухани-адамгершілік құндылықтар мен ұрпақтардың тарихи сабақтастығы идеясын ілгерілетуге бағытталған.

Аталған құжатқа Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Арман Асенов пен «Әскери-патриоттық және іздестіру қозғалысы қауымдастығы» РҚБ төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты, запастағы полковник Аманжол Оразбаев қол қойды.

«Меморандумға қол қою ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Күш-жігерді біріктіру жаңа жұмыс түрін енгізуге, маңызды ақпарат алмасуға, тәуелсіз Қазақстанның әскери-тарихи мұрасына деген қызығушылықты және жастардың шығармашылық белсенділігін дамытуға ықпал ететін болады», – деп атап өтті ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Арман Асенов.